Тұрлыхановтың ұлына қатысты дау: ҚАЖК жауап берді

Қылмыстық-атқару жүйесi комитетi депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты жайтқа пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Комитет мәліметінше, 2023 жылғы 9 қазанда әскери сот Нұрасыл Болатқа айыппұл тағайындады. Іс апелляциялық сотта және Жоғарғы сотта қаралғаннан кейін 14 мамырда үкім 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу болып өзгерді.

"Сотталған адамды есепке қою үшін тұрғылықты мекен-жайын қоса алғанда, барлық қажет құжат ұсынылуы керек. Ұйымдастыру жағынан кемшіліктер болғанын мойындаймыз, бұл пробация үкімі кешігуіне әкеп соқты. Үкім 14 тамызда Алматы қаласының ҚАЖД-не келіп түсті. Сол күні Нұрасыл Болат Медеу ауданының пробация қызметінің есебіне қойылып, сот белгілеген шектеулермен танысты.

Қазір бұл жағдай мұқият қаралып жатыр. Қызметтік тексеріс басталды және нәтижелері бойынша барлық жауапты тұлға қатаң тәртіптік жауапқа тартылады", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, кеше заңгер Анна Чернова әлеуметтік желіде Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат сот үкімін орындамай жүргенін айтты. Оның сөзінше, Нұрасыл Болат тиісті міндеттерді елемей жүр.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда әскери қызметкер белгілі адвокатты соққыға жыққаны хабарланған болатын. Бұл оқиға 11 ақпанға қараған түні Алматының сауда орталықтарының бірінің маңындағы паркингте болған. Іс қоғамдық дау тудырды. Бұл оқиға туралы заңгер Анна Чернова жазды. 

Алматы ПД бұл дерек ҚР Қылмыстық кодекстің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлады.

Ал кейін адвокатты соққыға жыққан әскери қызметкер грек-рим күресінен қазақстандық және бұрынғы Кеңес Одағының палуаны Дәулет Тұрлыхановтың ұлы болып шықты. Бұл ақпаратты Тұрлыхановтың өзі растаған болатын. Ол ұлына қатысты дауға көзқарасын білдіріп, кешірім сұрады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!