Түркістан облысындағы жантүршігерлік жол апатынан аман қалған ер адам оқиға туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ақын Маралтай Райымбекұлы Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Мына қолы ақ дәкемен таңулы, шаршаңқы кейіпте отырған жігіттің ныспысы Мұрат Есенқабылов. Түркістан облысы Созақ ауданы Бабата ауылының тұрғыны. Кешегі Түркістан облысындағы тоғыз адамның ғұмырын жалмаған жол апатының қақ ортасында аман қалған, медициналық көмекке жүгінбеген екі куәгердің бірі", - делінген жазбада.
Ал оқиға куәгері Мұрат Есенқабыловтың айтуынша, тоғыз адам көз алдымда жан тапсырған. Үшеуі мылжа-мылжасы шыққан көліктің ішінде қысылып шыға алмай жанып кеткен.
"Қайсын құтқарарымды білмедім. Жанып жатқан көліктердің ішінен сегіз адамды көтеріп алып шықтым. Кейіннен келген адамдар жанып жатқан көлікке жақындауға сескеніп тұрды. Себебі жанып жатқан көліктің жанармай багы кез келген сәтте атылып кетуі мүмкін еді. Ыңырсып жылап, кейбірі есін білмей жатқан дәрменсіз жаралыларды көліктен көтеріп шығарып кезең-кезеңімен жол жиегіне қауіпсіз жерге тасыдым", - деген Мұрат Есенқабылов.
Еске салайық, 17 шілдеде Түркістан облысында жол апатынан 10 адам қаза тапты.
Бәйдібек аудандық полиция бөліміне 17 шілдеде сағат 09:00 шамасында Шаян ауылы маңында жол апаты болғаны туралы хабарлама түсті. Облыстық маңызы бар Екпінді-Созақ тасжолы бойында Nissan, Toyota Camry және Volkswagen Grafter автокөліктерінің соқтығысқаны анықталды. Апат салдарынан көлік құралдары өртенген.
Салдарынан 9 адам қаза болып, 13 адам ауруханаға жеткізілді. Кейін ауруханада тағы бір адам көз жұмды. Екі адам медициналық көмектен бас тартты.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Nissan автокөлігі қарсы бағытқа шығып кеткен.
"Оқиға орнына бірден Түркістан облысы ПД басшылығы барды. Қазір ЖКО бойынша Бәйдібек АПБ полицейлері жұмыс істеп жатыр. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр. Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша СДТБТ-ға тіркелді", - деді Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!