Түркістан облысында мемлекеттік қызметкерлер жұмыс уақытында құмар ойын ойнаған

Түркістан облысында мемлекеттік органдардың қызметкерлері құмар ойындарға қатысқаны үшін жұмыстан шығарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сарыағаш ауданының прокуратурасы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің заңнама талаптарын, қызметтік тәртіпті, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын шектеулерді сақтауына талдау жүргізген.

Талдау нәтижесінде мемлекеттік органдар қызметкерлері жұмыс уақытында құмар ойындарға қатысқаны анықталған.

"Бұл әрекет мемлекеттік қызмет қағидаттарына, қызметтік әдеп талаптарына қайшы келеді және мемлекеттік органдардың беделіне нұқсан келтіреді. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, нәтижесінде мемлекеттік органдардың 4 қызметкері атқарып отырған лауазымынан босатылды", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте құмар ойынға бәс тіккен 15 шенеунік "жылы орнынан" айырылды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!