Маңғыстау облысында теңіз жағасында туған күнін атап өтпек болған 18 жастағы жігіт жоғалып кетті. Ол Ақтау қаласынан 46 шақырым жердегі Каспий теңізі жағалауына достарымен бірге шомылуға барып, сол күйі үйіне оралмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Аlmaty.tv-ға сілтеме жасап.
Құтқарушылар екі күннен бері теңіз бен жағалауды жіті тексеріп жатыр. Іздестіру жұмыстарына 53 құтқарушы, 6 арнайы техника және 3 қайық жұмылдырылған. Сонымен қатар, теңіз түбін 10 сүңгуір тексеріп, әуеден жағдайды бақылауға 8 дрон тартылған.
Жоғалған Азамат Дүйсеханов
"Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы жұмыс істеп жатыр. Іздестіру жұмыстарына сүңгуірлеріміз, сондай-ақ, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаратын мамандар жұмылдырылды", - деді Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерлан Сұлтанмұратов.
Айта кетейік, жыл басынан бері Маңғыстау облысында 11 адам суға кеткен.
Еске салайық, бұған дейін де Ақтауда 18 жастағы жігіт іздестіріліп жатқаны хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова