- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- «Той қазан-2015» ұлттық...
«Той қазан-2015» ұлттық тағамдар фестивалі басталды
Бүгін, 19 қыркүйек күні Алматының Талғар ауданы "Алатау" шаңғы-биатлон кешенінде «Той қазан-2015» атты үлкен ұлттық тағамдар фестивалі басталды деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Массагет тілшілері ала таңмен таласып тұрып, «Алатауды» бетке алып, жолға шықты. Бізді «Талғар» ауданының аумағы аяқталған тұстан қазақ батырының ұлттық киімін киген өзге ұлт өкілдері күтіп алды. Бұл да біздің зайырлы да, көпұлтты, ынтымақты елдігіміздің нышаны деп ұқтық. Бірі-біріне бағыттаған «батыр» жігіттердің нұсқауымен межелі жерімізге жеттік.
Ауа райы тұманданып, жауын төпеп тұр. Күннің түнерген түріне қарамай, ұлттық дәстүрімізді дәріптеуге мақсатталған шараға біз секілді БАҚ-тың бақшасындағы журналистер мен өзге де меймандар толассыз ағылып келіп жатыр.
Мерекенің мәні мен сәніне қосылған қазақы әні жарасып, келушілердің көңілін көтерді. Ауа райы суығанымен, қонақтардың жүрегі жылыды.
Алда бізді қызықты қойылымдар мен шаттықты шаралар күтеді. Суық күнде өтіп жатқан фестивальден жылы үйде отырып хабардар болғыңыз келсе, бізбен бірге болыңыз...
@. @assel_assanova