Төтенше жағдай: Жамбыл облысында жолда қалған адамдар құтқарылып жатыр

Төтенше жағдай: Жамбыл облысында жолда қалған адамдар құтқарылып жатыр
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жамбыл облысында екі күнде жолда қалған 5 мың адам құтқарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, 15 желтоқсанда сағат 06:00-дегі жағдай бойынша 2413 адам құтқарылды.

"Оның ішінде 90 бала бар. 600-ге жуық адам үйлеріне қайтарылды. 1813 адам 6 ауылдағы жылыту пункттеріне жеткізілді. 3 адам Қордай аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Олардың жағдайы тұрақты, дәрігердің бақылауында. Жалпы екі күнде 5000 адам құтқарылды", - деп жазылған хабарламада.

Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Адам шығыны тіркелмеген. Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел желі іске қосылды.

"Бүгінде Қордай және Шу аудандарында қосымша 825 орындық 9 жылыту пункті ашылды. Жолдағы блок-бекеттерге полиция наряды қойылды. Электр желілерінің қалыпқа келтіру үшін "Жамбыл электр желілері" компаниясы, 23 авариялық құтқару тобы, 27 арнайы техника жұмылдырды. Газ құбырларының апаты тіркелмеді, газ штатты режимде беріліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ, өңірде жарияланған төтенше жағдайға байланысты "Шу-Отар" учаскесінде 11 жолаушы пойызы тоқтап қалған.

Шу аудандық көлік прокуратурасы жолаушылар пойыздары жүре бастағанын, жағдай бақылауда екенін хабарлады. Қалған елді мекендердегі жағдай тұрақты.

Еске салайық, бұған дейін өңірде төтенше жағдай жарияланғаны хабарланды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz