Түркістан облысында атыс кезінде адам өлтіргендер әлі іздестіріліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, полиция мен қарулы жасақ қала мен облыстық жолдардағы көліктерді тоқтатып тінтіп жүр. Екі күн бұрын Арыс қаласының орталығындағы үйінде демалып отырған төрт адамды әскери киімде бетін тұмшалаған екі адам атып, мотоциклмен қашып кеткен.
Қылмыс орнында екі адам қайтыс болса, тағы екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Қаза тапқандардың бірі бокстан бұрынғы облыс чемпионы, республикалық жарыстарда жүлде алып жүрген Алмас Жолдасов. Оны Арыста "Черный Алмас" деп те таниды екен.
Оқиға кешкі сағат сегіздерде үйдің ауласында болған. Есік алдында қарбыз жеп отырған төрт жігіттің үстіне қару ұстаған қос адам жетіп келеді. Мылтықтың бірнеше мәрте атылғанын көрші үйлердегілер анық естіген. "Атыс болып жатқан үйде көршім әрі туысым тұратын еді" деген Ораз Ақылбеков өзге қоңсысымен бас сұқпақ болған кезде бетін тұмшалап, қолына автомат ұстаған біреуді көрген.
"Есік алдына жақындаған едік, әскери киінген жас бала автоматпен тұр екен. Оны әскери ғой деп аңғармай кетіп бара жатқанда, "тоқтаңдар, атам қазір" деді. "Кейін қарай жүріңдер, кетіңдер" деді. Екеуміз кейін қарай жүрдік. Сөйтіп, шарбақтың түбіне барып едік, "дарбазаның ішіне кіріңдер, шықпаңдар далаға" деді. Қайтып барсақ, қаруы бар екі әскери мотоциклге мінді де, қашып кетті", - дейді оқиға куәгері Ораз Ақылбеков.
Қайтыс болғандардың екіншісі 23 жастағы Жандәулет Қабыловты да сол күні сөйлесуге үйіне шақырған беті екен. Олардың денесін мәйітханадан көрген жақындары әлі есін жинай алмай отыр.
"Оқ оң жағына тиген, қабырғасын опырып жіберген. Тігіп қойған, сосын басы, шүйдесінен тігіп қойған. Басы жарамайды, пластмасса ма, бірдеңе қойып ұстатып қойған. Сүйек жарамайды. "Тағы кеп атқан" деді ғой енді. Анау енді құлаған, жарадар боп, тірі қалса кім біледі енді қандай болатынын. Сосын тағы атқан. Мықты жігіттерді өздері қойып алған ғой "Черный Алмас", "Рыжий Алмас" деген сияқты қоя береді ғой, батыр жігіттердің атын", - дейді марқұм Алмас Жолдасовтың туысы Әуесхан Ақылбеков.
Ал оқ тиіп тірі қалған 36 және 37 жастағы жігіттердің жағдайы тұрақты. Бірі - полиция қызметкері. Қазір есін жиғанымен, екеуі де тіс жарғысы келмеді. Ал дәрігерлер екеуі біраз емделуі керек деп отыр.
"Екінші науқастың жарасы бар. Иық сүйегінен. Бұғанасының үштен бір бөлігі, мойнының артқы жағында оқ тұрып қалған. Оқ кіріп, шықпаған, яғни терісінің астында қалған", - дейді Арыс ауданы орталық ауруханасы, хирургия бөлімінің меңгерушісі Талғат Тәжіменов.
Ал екі тәуліктен бері Арыстан шығатын жолдар мен облыстық жолдар бойында көліктерді тоқтатып іздеп жатқан полицейлер "тергеу құпиясы" деп, қос күдіктінің тұлғасын айтпады. Белгілісі, қос күдікті де 19 жастағы Арыс тумалары.
"Арнайы жедел тергеу тобы құрылып, ұстап алу жоспары қабылданды. Күдіктілердің жеке басын анықтау мен оларды ұстау бойынша қажетті іс-шара жүргізіліп жатыр. Болған оқиғаның бар жағдайы анықталып жатыр", - дейді Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ермек Сәрсенбаев.
Көз жұмған Алмас Жолдасовтың артында бес баласы қалса, былтыр ғана үйленген Жандәулет Қабыловтың келіншегі мен бір айлық шақалағы қалды. Ал олардың денесі кеше Арыс қаласында жерленді.
Еске салайық, қайғылы оқиға 6 тамызда болған. Тергеу барысы Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының жіті бақылауында. ҚР ҚПК-нің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілмейді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!