- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Үкімет отырысы
Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы: тікелей трансляция

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Отырыс барысында еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалады. Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және бірқатар өңірдің әкімдері баяндама жасайды.
Massaget.kz редакциясы Үкіметтің кеңейтілген отырысын тікелей мәтіндік хабар тарату режимінде жүргізеді. Жедел хабардар ету үшін төмендегі мәтін жаңартылып отырады.
- Бүгін, 15:19
Сондай-ақ журналистер министр Сәтқалиевке мынадай сұрақ қойды: "Қазақстандағы екінші атом электр станциясы бірінші атом электр станциясымен қатар салынады ма, әлде біріншісі аяқталған соң салынады ма?
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев құрылысты қатар жүргізуге болатынын және қажетті ресурстардың бар екенін айтты.
- Бүгін, 15:06
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, жоспарланған ҚҚС-ны көтеру қазақстандықтарға неге айтарлықтай әсер етпейтінін түсіндірді.
"ҚҚС мөлшерлемесін көтеру арқылы біз еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайтамыз. Ал бұл ҚҚС төлейтін қызметкерлердің жалақысын арттыру деген сөз", - деді Серік Жұманғарин.
- Бүгін, 14:55
Журналист: "Көгілдір отынның бағасы 30 пайыздан астам бағаға қымбаттайтыны? Бұл қазақстандықтардың бюджетіне түсетін салмақты қаншалықты арттырады?"
Министрдің жауабы: "Орта есеппен 30 пайызға өседі деп күтіледі".
- Бүгін, 14:35
Брифингте Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев газ бағасының көтерілу мерзімін мәлімдеді.
"Жанар-жағармай бойынша 2025 жылдың ақпанынан бастап алдын ала тегіс өсім күтіледі. Ал сұйытылған газ бағасы жақын арада өседі. Тауарлық газ бойынша нарық қатысушылары үшін бағаның бірінші өсуі жазда болады деп күтеміз", - деді Алмасадам Сәтқалиев.
- Бүгін, 14:31
Вице-премьер Жұманғарин ҚҚС пайызының өсуі елдегі қымбатшылыққа әсер ететінін айтты:
"Әрине сөзсіз әсер етеді. Әр салада әсер әртүрлі болады. Біз мөлшерлеменің көтерілуі бизнеске түсетін орташа жүктемені небәрі 4 пайызға көбейтетінін есептедік. Дегенмен, түпкі тұтынушы бағаның қымбаттағанын сезінетіні анық. Біздің есептеуіміз бойынша, инфляция деңгейі шамамен 4,5 пайызға дейін өсуі мүмкін. Бұл өсім қосымша қаржы ресурстарын, ең алдымен экономиканың нақты секторын дамытуға бағыттау арқылы өтелуге тиіс" деп жауап берді Жұманғарин.
Бүгін, 14:25
Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы үкіметке екінші АЭС-ке орын іздеуді тапсырған болатын.
- Бүгін, 14:24
Энергетика министрі Курчатов қаласының екінші атом электр станциясын салу алаңдарының бірі ретінде қарастырылып жатқанын айтты.
- Бүгін, 14:20
"ҚҚС жаңа мөлшерлемесі қашан белгіленеді?" деп сұрады журналистер брифинг барысында.
"Болжамды даталар бар. Шамамен 15-20 ақпан. Менің ойымша, бұл соңғы мерзім болуы керек. Заң жобасы болғандықтан, ол әуелі Парламентке баруы керек", - деді вице-премьер Жұманғарин.
- Бүгін, 14:17
Журналистер энергетика министрі Сәтқалиевтен "Қазақстанда екінші атом электр стансасын салу мәселесі бойынша референдум өткізу қажет пе?" деп сұрады. Энергетика министрлігінің басшысы екінші құрылыс үшін референдумның қажет емес екендігін айтты.
- Бүгін, 14:14
Премьер-министр салық реформасы жөнінде: "Барлық үлгілер өсудің (инфляция – еск.) қысқа мерзімді болатынын көрсетіп отыр".
- Бүгін, 14:05
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстандағы екінші атом электр станциясына қатысты сұраққа жауап берді.
"Арнайы ведомствоаралық комиссия құрылды. Барлық мәселелер ақпан айында қаралып, одан кейін тиісті ұсыныстар дайындалады. (...) Біз сіздерді алдын ала хабардар етеміз", - деп жауап берді ол.
- Бүгін, 14:00
Үкімет мүшелерінің брифингінен онлайн көрсетілім:
- Бүгін, 13:48
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин: "Егер ҚҚС көтерілсе, салық жүйесі қайта теңестіреледі".
- Бүгін, 13:43
"Бұрынғыдай болмайтыны белгілі. Біз ҚҚС көтереміз, ал нақты мөлшерлемесі әлі де талқыланып жатыр", - деді Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.
- Бүгін, 13:39
Жұманғарин реформаны түсіндіруді жалғастырды. Оның айтуынша, қазір салық төлеушілердің 4 пайызы ғана 12 пайыз ҚҚС төлейді.
- Бүгін, 13:22
Президент сөзін аяқтады. Бірақ көп ұзамай Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев және Қаржы министрі Мәди Тақиевтің қатысуымен брифинг басталады.
- Бүгін, 13:20
Сөз соңында мемлекет басшысы нәтижелерге назар аудару керектігін айтты:
"Еліміздің 2024 жылғы даму нәтижесін қарадық. Қордаланған мәселелерді талқылап, алдағы міндеттерді айқындадық. Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Алдағы жоспардың бәрін сапалы орындау қажет. Тағы да атап өткім келеді: бізге нақты нәтиже керек. Нәтиже болса ғана даму болады" деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
- Бүгін, 13:19
Тоқаев үкіметтің және әкімдердің қызметі өз халқымызға да, сыртқы әлемге де ашық әрі түсінікті болуы керегін айтты.
"Бірінші басшылар азаматтарды жеке қабылдауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Әсіресе, аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет" деді ол.
- Бүгін, 13:17
"Мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу. Ол үшін, ең алдымен, азаматтармен ұдайы байланыста болу керек. Онсыз болмайды. Сондықтан халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аудару қажет. Былтырдың өзінде Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбеюде" деді президент.
- Бүгін, 13:11
Тоқаев: "Мектепке дейінгі және орта білім беру саласында әділ бәсеке болуы қажет. Бюджет қаржысын үнемдеп, қаражаттың ашық жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды. Бұған жол ашатын тәсілдерді енгізу жұмыстарын жалғастыру керек".
- Бүгін, 13:09
Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыруды тапсырды.
- Бүгін, 13:09
"СЕГІЗІНШІ. Әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажет"
- Бүгін, 13:08
Президент займды кепілдендіру құралдарын көбейту қажетігін айтты. Үкімет салалық даму институттарымен бірлесіп, кепілдік қорын құру мәселесін пысықтауы керектігін қосты.
Бүгін, 13:07
Президент:
"Бір нәрсені атап өткім келеді: банктер Үкіметтің, соның ішінде халықтың жауы емес. Бірақ диалог негізіндегі әділ серіктестік орнауға тиіс. Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді".
Бүгін, 13:06
"Мемлекет бөлетін қаражатты кезең-кезеңімен несие мөлшерлемесін субсидиялауға қарай бағыттау керек. Бұл қаржыландыру көлемін бірнеше есе ұлғайтып, банктердің ақшасын экономикалық айналымға қосуға мүмкіндік береді" деді президент.
- Бүгін, 13:05
"ЖЕТІНШІ. Маңызды жобаларды қаржы көздерімен қамтамасыз ету керек"
- Бүгін, 13:03
Тоқаев жаңа Бюджет және Салық кодекстерін мұқият әзірлеп, оларды қысқа мерзімде қабылдау міндетін қойды.
- Бүгін, 13:02
"Үкімет барлық қаржыны басты басымдықтарға сай бөлуі керек" - Президент
- Бүгін, 13:01
"АЛТЫНШЫ. Салық-бюджет саясатын реформалау"
- Бүгін, 13:00
Тоқаев ауылдарды дамыту міндеттеріне жеке тоқталды.
- Бүгін, 12:59
Мемлекет басшысы жұқпалы ауруларға қатысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстау керектігін айтты.
- Бүгін, 12:58
"БЕСІНШІ. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру қажет"
- Бүгін, 12:58
Президент үкіметке "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімді жоспарларын әзірлеуді тапсырды.
- Бүгін, 12:57
"Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет" деді президент.
- Бүгін, 12:56
"Еліміз өзін өзі электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, 15-20 пайыз шамасында резерв қалыптастыруға тиіс. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған міндет" дейді мемлекет басшысы.
- Бүгін, 12:56
"ТӨРТІНШІ. Энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру"
- Бүгін, 12:55
Сондай-ақ, Президент цифрландыру дамыған сайын алаяқтық көбейіп бара жатқанын айтты.
"Қоғамдық пікірге теріс ықпал ету, биліктің беделін түсіру және ел ішінде алауыздық тудыру үшін жалған мәлімет таратып, ақпараттық шабуыл жасау белең алуда. Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіреді" деді президент.
- Бүгін, 12:54
Президент үкіметке жасанды интеллект технологиясын қарқынды дамыту керектігін айтты.
- Бүгін, 12:52
"ҮШІНШІ. Цифрлық технологияны жан-жақты енгізу қажет"
- Бүгін, 12:51
Президент:
"Шұғыл атқаратын шаруаның бірі – еліміздің аумағында халықаралық әуе хабын құру. Ірі әуежайларымызды бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру үшін тез арада батыл шешімдер қабылдау қажет".
- Бүгін, 12:50
Сондай-ақ Мемлекет басшысы "Мойынты – Қызылжар" бағытында жаңа темір жол құрылысын бастауды тапсырды. Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғырту керектігін айтты.
- Бүгін, 12:49
Президент қазақстандықтарға мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселесін көтерді.
"Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс екені қаншама рет айтылды. Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Бірақ бұл – азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың еңбек етуге ынтасын азайтып, оларды масылдыққа үйрету деген сөз емес" деді президент.
- Бүгін, 12:47
Тоқаев сондай-ақ ТМД елдерінің барлығында дерлік электр энергиясы, газ және мұнай өнімдеріне тарифтер мен бағалар Қазақстанға қарағанда жоғары екеніне назар аударды.
"ТМД елдерінің бәрінде дерлік электр энергиясының, газдың және мұнай өнімдерінің бағасы Қазақстанға қарағанда қымбат. Бұл экономика балансының бұзылып, шатқаяқтауына әкеп соғады. Ақиқаты осы, оның несін жасырамыз?!" деді ол.
- Бүгін, 12:44
Президент: "Жылу стансаларындағы апаттар елімізге абырой әпермейді, беделіне нұқсан келтіреді және бұл мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығы мен біліксіздігін көрсетеді.
Аймақтарда коммуналдық шаруашылықтағы басшылық орындарда кәсіби мамандар емес, заңгерлер мен басқа да гуманитарлық сала өкілдері отыр".
- Бүгін, 12:44
Президент: "Инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру керек"
- Бүгін, 12:43
Үкімет пен аймақтық билікке бизнес-климатты жақсарту бойынша неғұрлым батыл шаралар қабылдау тапсырылды.
"Мен экономикаға инвестиция тарту мәселесін бекерден-бекер басты орынға қойып отырған жоқпын. Мұның да стратегиялық маңызы зор. Экономикамыздың болашағы мен еліміздің әлем картасындағы орны, ең алдымен, осыған байланысты" деді мемлекет басшысы.
- Бүгін, 12:40
Тоқаев: "Келесі кезек күттірмейтін мәселе. Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет. Бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр".
- Бүгін, 12:39
"Бұдан бөлек, Қытай, Ресей, АҚШ, ЕО, Таяу Шығыс, Азия елдерімен және басқа да мемлекеттермен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын айрықша назарда ұстаған дұрыс" дейді президент.
- Бүгін, 12:39
Тоқаев қазіргі геосаяси жағдай көршілермен (Орталық Азия және ЕАЭО елдерімен) ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді қажет ететінін айтты.
- Бүгін, 12:36
Мемлекет басшысы жер қойнауын пайдалану саласындағы реформа қалай болса да жалғасуы керектігін айтты.
"Жер қойнауын пайдалану саласындағы реформа еш кедергіге қарамастан жалғасуға тиіс. Бұл – принципті ұстаным. Үкімет мұны қатаң түрде сақтауы қажет" деді ол.
- Бүгін, 12:34
Тоқаев ірі өнеркәсіп жобаларын іске қосу жұмыстары баяу жүріп жатқанын айтты. Ол активтерді қазынаға қайтару ісімен қатар жүргізу қажеттігін және бұл туралы ол ірі бизнес өкілдерімен кездесулерде айтқанын еске салды.
- Бүгін, 12:30
"Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн. Мұндай саясат менің ел экономикасын ырықтандыру туралы стратегияма толық сай келеді. Бұл – маңызды сәт" деді президент.
- Бүгін, 12:28
Біріншіден: Экономиканы әртараптандыру. Тағы бір аса маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту.
- Бүгін, 12:27
Президент үкіметтің жақын арадағы негізгі міндеттері мен басымдықтарына тоқталды.
Бүгін, 12:25
Мемлекет басшысы Үкімет жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса маңызды мәселелерге жұмсау керектігін айтты.
"Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді. Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет" деп қосты Тоқаев.
- Бүгін, 12:25
"Сырттағы ахуал күрделі болса да, елімізде жақсы нәтижелер бар. Ел экономикасы өсіп жатыр. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер әлі де көп" деді мемлекет басшысы.
- Бүгін, 12:23
Қасым-Жомарт Тоқаевтың қорытынды сөзі басталды.
фото: Ақорда баспасөз қызметі
- Бүгін, 12:22
Әкімдер өз сөздерін аяқтады. Президент қорытынды сөз бастады.
- Бүгін, 12:19
Еске салайық, өткен жылы Мемлекет басшысы Олжас Бектеновтің жетекшілігімен министрлер кабинетіне 2029 жылға қарай ел экономикасын 450 миллиард долларға жеткізуді тапсырған болатын. Бұдан кейін Президент үкімет пен әкімдерді тиімділікке, бюрократияны азайтып, сапалы даму үшін шешуші шаралар қабылдауға шақырды.
- Бүгін, 12:14
Ақорда баспасөз қызметі Үкімет үйінен суреттер жариялады:
Премьер-министр Олжас Бектенов сөз сөйлеу үстінде.
фото: Ақорда баспасөз қызметі
- Бүгін, 12:13
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының дамуы жайлы есеп беріп жатыр.
- Бүгін, 12:06
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков есеп беруін бастады.
- Бүгін, 12:03
Жеңіс Қасымбекке қаладағы құрылыс сапасын қадағалау және Астанадағы көлік кептелісі мәселесін шешу тапсырылды.
- Бүгін, 12:02
Тоқаев елорда әкімінің Астананың дамуы туралы есебін тыңдап, Қасымбектің жұмысына оң баға берді.
- Бүгін, 11:59
Жеңіс Қасымбек: "2035 жылға қарай Астана халқының саны 2,5 млн болады"
- Бүгін, 11:57
Астана әкімі: "LRT жобасы соңына таяп қалды"
- Бүгін, 11:54
Дәл қазір Астана әкімі Жеңіс Қасымбек есеп беруін бастады.
- Бүгін, 11:53
Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасына монетарлық реттеуші үкіметпен бірлесіп жұмыс істеу керектігін айтты.
"Бұрынғыдай біздің тәуелсіз көзқарастарымыз енді нәтиже бермейді. Өйткені жағдай өзгеше болып отыр. Бұл туралы кейінірек айтамын", - деп түйіндеді Тоқаев.
- Бүгін, 11:48
Үкімет "қажет болған жағдайда" атаулы әлеуметтік көмекті, жалақы мен зейнетақыны индекстеуді ұсынып отыр. Жәрдемақылар инфляцияға сәйкестендірілетін болады.
- Бүгін, 11:45
Президент Тоқаев Ұлттық банктің жұмысына баға беріп, теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету аса маңызды мәселе екенін атап өтті.
"Сарапшылар теңгенің келешегі қысымға ұшырайтынын талқылап жатыр", - деді Мемлекет басшысы.
- Бүгін, 11:43
Кейбір бақылау функциялары салық органдарына қайтарылуы мүмкін. Үкімет нақты қандай екенін атап айтпады.
"Соңғы жылдары біз салық қызметкерлерінің мүмкіндіктерін айтарлықтай қысқарттық. Салық әкімшілігі реформаның маңызды бөлігі саналады. Онсыз реформа нәтиже бермейді. Салық комитетінен кейбір бақылау функцияларын дискретті түрде және мұқият қайтару сұралып жатыр", - деді Жұманғарин.
- Бүгін, 11:31
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов баяндамасын бастады.
- Бүгін, 11:30
Тоқаев Жұманғариннің фискалдық және салықтық реформалар туралы сөзінен кейін пікір білдірді:
"Жалпы, реформа қажет. Бұл бастаманы құптаймын. Бірақ барлығын жан-жақты талқылап, зерделеу керек. 2025 жылы бірінші кезекте салық және бюджет кодекстеріне назар аудару қажет. Бірақ қазір Ұлттық қордан түсетін трансферттерді азайтып, оның жинақтау функциясын күшейту керек. Қорда жинақталған қаражатты ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға пайдалануға болады", - деді Тоқаев.
- Бүгін, 11:30
Айта кетейік, бұған дейін ҚҚС-ты 12-ден 20 пайызға дейін көтеру мәселесі талқыланған болатын.
- Бүгін, 11:24
Жұманғарин сондай-ақ кәсіпкерлер төлейтін еңбекақы қорына түсетін жүктеме 40 пайыз екенін айтты.
"Егер ҚҚС жоспарланған деңгейге көтерілсе, біз жалақы қорына түсетін жүктемені азайтуды жоспарлап отырмыз".
- Бүгін, 11:23
Жұманғарин:
"ҚҚС мөлшерлемесін көтеру ұсынылып отыр. Біз салық мәселесін Парламентте сарапшылармен бірге талқылаймыз".
- Бүгін, 11:21
Үкімет ҚҚС бойынша тіркеу шегін 78 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді ұсынды.
- Бүгін, 11:19
Қазір Премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Жұманғарин баяндама оқып жатыр.
"Алынған салықтың жалпы көлеміндегі ҚҚС үлесі - 24 пайыз".
- Бүгін, 11:17
Қазақстанда тақтатас мұнайы өндіріле бастайды. Бұл туралы Премьер-Министр Бектенов мәлімдеді. Үкімет басшысының айтуынша, оны өндіру мұнай-газ саласына қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар биыл шамамен 19 миллиард текше метр қоры бар "Батыс Прорва" және "Барханная" кен орындарында газ өндіру басталады.
- Бүгін, 11:15
Олжас Бектенов мұнай және көмір химия өнеркәсібінде ауқымды жобаларды іске қосу жоспарлары туралы баяндады.
- Бүгін, 11:12
Премьер-Министрдің айтуынша, жақын арада Алматы облысында атом электр станциясын салу туралы келісімдер жасалады.
- Бүгін, 11:08
Ақорданың баспасөз қызметі үкімет отырысынан фотосуреттер жариялады.
- Бүгін, 11:06
Ақорда күн тәртібіне сәйкес, жиында сөйлейтіндердің тізімін жариялады:
Премьер-Министр Олжас Бектенов, Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасайды.
- Бүгін, 11:02
Премьер-министр Олжас Бектенов өз сөзінде Қазақстанда қазақстандықтарға мемлекеттік қызмет көрсету үшін виртуалды көмекші іске қосылатынын хабарлады.
- Бүгін, 10:59
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин салық және бюджет салаларын реформалау туралы сөз қозғайды.
- Бүгін, 10:57
Бірінші болып сөз бастаған Премьер-Министр Олжас Бектенов еліміздің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен үкіметтің биылғы жоспарларына тоқталды.
- Бүгін, 10:53
Қасым-Жомарт Тоқаев:
"Бүгін біз Үкіметтің кеңейтілген отырысында өте өзекті мәселелерге тоқталамыз. Себеп – бәрімізге белгілі. Қазір дүние жүзі түбегейлі өзгеріске ұшырап жатыр. Жаһандық үдерістер, ең алдымен, еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетіні анық. Жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталды. Күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүреді. Біз соған міндетті түрде дайын болуымыз керек. Жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор.
Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз. Осы жұмыстың нәтижесі былтыр қандай болды? Негізгі міндеттер орындалды ма? Бүгін осы сұрақтарға тоқталамыз және жақын арада шешімін табуға тиіс өзекті мәселелерді талқылаймыз" деді мемлекет басшысы.
- Бүгін, 10:51
Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды
- Бүгін, 10.40
Ақорда Үкіметтің кеңейтілген отырысының алдында видео жариялады.
"Еліміздің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалатын жиын санаулы сәттен кейін басталады", - деп хабарлады Ақорда.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Литпин