Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық студенттердің шәкіртақысын өсіруді тапсырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Студенттердің шәкіртақысын өсіру – өзекті мәселенің бірі екені мәлім. Студенттердің шәкіртақысы 2016 жылдан бері көтерілмеген. Оның объектив себептері де болды. Сондықтан 2020 жылдың бірінші қарашасынан бастап бакалавриат, магистратура және докторантурада оқитын жалпы саны 133 мың студенттің шәкіртақысы 25 пайызға өседі", - деді Тоқаев Нұр-Сұлтанда Жастар жылының аяқталуына арналған салтанатты шарада.
Тоқаев колледж студенттерінің де шәкіртақысы өсетінін мәлімдеді.
"Биыл қыркүйектен бастап жұмысшы мамандықтарда білім алатын 122 мың студенттің стипендиясы 30%-ға көтерілді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Үкіметке арнайы орта білім алатын колледж студенттерінің де стипендиясын 25%-ға арттыруды тапсырамын", - деді Тоқаев.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтанда Тоқаевтың қатысуымен Жастар жылының жабылу салтанаты өтіп жатыр.