Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның болашағына алаңдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Катардың Доха қаласында In Conversation with President Tokayev атты арнайы панельдік сессияға қатысқанында айтты. Жиынға Bloomberg Television жүргізушісі Манус Крэнни модераторлық жасады.
Ақорда таратқан хабарға қарағанда, ашық талқылау сұрақ-жауап форматында өткен. Президент БҰҰ туралы сөзін Ресей-Украина арасындағы соғыс туралы сұраққа берген жауабында айтты.
Тоқаев бұл мәселеде келіссөздерді жалғастыра берудің маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл қақтығысты шешуге тараптардың ерік-жігері қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысы халықаралық қауымдастықтағы пікір қайшылығы мен аталған мәселені шешуде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қауқарсыздық танытып отырғанына тоқталды.
"БҰҰ ешқашан мұндай ыңғайсыз жағдайға тап болған емес. Тіпті "Қырғи-қабақ соғыс" кезінде де Біріккен Ұлттар Ұйымының бірлігі бұдан әлдеқайда мығым еді. Мен БҰҰ-ның болашағына қатты алаңдаймын. Осы ретте, көпқырлы саясатқа сенемін. Бұл ретте мен халықаралық қауымдастықтың бірлік танытып, ынтымақтаса отырып, екі мемлекеттің бейбіт бітімге келуі үшін оң ықпал етуі керек деп санаймын", - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Ресейге салынған ауыр санкциялық саясат салдарынан Қазақстан қандай экономикалық зардап шегуі мүмкін деген модератордың сұрақтарына жауап берді.
Ашық әңгіме барысында әлемдік энергетика нарығында қалыптасқан қазіргі жағдайға, халықаралық сауда мәселесіне байланысты ғаламдық сын-қатерлер де талқыланды.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Катар әмірінің жеке шақыруы бойынша Дохаға келген болатын. Бұған дейін Мемлекет басшысы Катар экономикалық форумының ашылу рәсіміне қатысты, сондай-ақ Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен кездесу өткізді.