Мемлекет басшысы премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі бойынша консультация өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың заңды мүддесін қамтамасыз ету, жергілікті бюджеттерді бекіту және өңірлердің дамуын бақылау үшін мәслихаттардың толыққанды жұмысы маңызды екенін айтты.
Президент депутаттық корпусты жаңарту жергілікті өкілді органдардың қызметін едәуір күшейтетініне сенім білдірді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 88-бабы 5-тармағына сәйкес жүргізілген консультациялар барысында премьер-министр Олжас Бектенов пен Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай қарастырылып отырған мәселеге қатысты өз ұсыныстарын жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша Президент Конституцияның негізгі ережелеріне сәйкес және пікірлерді ескере отырып, түпкілікті шешім қабылдайтынын айтты.
Еске салайық, бұған дейін Президент мәслихаттар сайлауы мерзімінен бұрын өтетінін жариялады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз