Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай жаңғыртылып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Президент Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйледі.
"Осы жұмысты тоқтатпай, тек алға қарай жүруіміз керек. Қазір біз жергілікті өкілді органдардың, яғни мәслихаттардың сайлауын өткізуіміз қажет. Мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституцияда және тиісті заңдарда айқындалған мерзімге дейін сақталады. Дегенмен олардың көпшілігі Amanat партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым "Әділет" партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты. Жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады. Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды. Жергілікті депутаттар аймақтағы жұртшылықтың мүддесін қорғайды, бюджетті бекітеді және басқа да міндеттерді орындайды. Бір сөзбен айтқанда, елді-мекендерді өркендету ісіне белсене атсалысады", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өкілді органдар қызметінің заңға сәйкес болуы айрықша маңызды.
"Сондықтан жақын арада премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті жарлыққа қол қоямын. Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек. Бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби корпусын қалыптастыруға жол ашып, оның жұмысына тың серпін береді. Осы сайлау жоғары деңгейде және сапалы өтуіне сіздер де мол үлес қосасыздар деп сенемін", - деді Президент.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова