- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев Екібастұздағы жағдайға...
Тоқаев Екібастұздағы жағдайға қатысты тапсырма берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы Премьер-министрдің баяндамасын тыңдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қабылданған шаралар қаланы қиын жағдайдан шығаруға септігін тигізген. Екібастұзға барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етуді қалпына келтіру жөніндегі жұмыстарға жедел басшылық жасау тапсырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар аяқталуға жақын.
Мемлекет басшысы Үкіметке қалаларды қысқы жылыту маусымына дайындау кезінде жіберілген қателерге мұқият талдау жүргізу міндетін жүктеді.
Сондай-ақ, Үкіметке Екібастұзда және басқа да елді мекендерде қалыптасқан күрделі жағдайды түбегейлі өзгерту үшін нақты шешімдер қабылдау тапсырылды.
Бұдан бөлек, жекешелендірілген энергетикалық активтерге және олардың иелерінің жауапкершілігіне қатысты мәселелерді шешу қажет. Президент Үкімет пен құқық қорғау органдарының барлық жұмысы өзінің жеке бақылауында екенін атап өтті.
Еске салайық, 27 қарашада түнде, сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын. Сол уақыттан бері қалада тұрғындар жылу жоқ екенін айтып, шағымдана бастаған. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдай жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін күшінде болады. Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұздағы төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады.
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына төртінші күні барған еді. Ал 1 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі лауазымынан босатты. Сқақовтың орнына Олег Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова