- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев Димаш Құдайбергенге...
Тоқаев Димаш Құдайбергенге көңіл айту жеделхатын жолдады
Мемлекет басшысы танымал әнші, өнер қайраткері Димаш Құдайбергеннің атасы – Құдайберген Айтбайұлының дүниеден өтуіне байланысты Айтбаевтар әулетіне көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Әулеттеріңіздің ардақтысы, елге танымал, халық сыйлаған абыройлы ақсақал Құдайберген Айтбайұлының дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын.
Құдайберген Айтбайұлы ауыл шаруашылығы саласында көп жыл қажырлы қызмет етіп, еңбек ардагері атанды. Адамгершілік асыл қасиеттерімен өз ортасына сыйлы, ағайын-туысқа қадірлі жан болды. Ұлағатты ұрпақ өсіріп, дарынды ұл-қыздарды тәрбиелей білді.
Айнала төңірегіне мейірім шуағын шаша білген Құдайберген Айтбайұлының жарқын бейнесі оны білетіндердің жадында сақталады.
Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын", – деп жазылған жеделхатта.
Еске салайық, бүгін әнші Димаш Құдайбергеннің атасы қайтыс болғанын хабарлаған едік.
Мемлекеттік және қоғамдық қызметтерде еңбек сіңірген, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Димаштың атасы Құдайберген Айтбаевқа "Ерен еңбегі үшін" медалі 2019 жылы берілген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан