- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тілек айтуға ұяласыз...
Тілек айтуға ұяласыз ба? Сізге арналған пайдалы кеңестер
Кей адамдарға тілек айтуға сөз берсе, олар өздерін сенімсіз ұстап, не айтарын білмейді немесе тілек айтудан бас тартады. Ыңғайсыз жағдайға қалмас үшін тілек айтып үйренген артық етпейді. Жақсы тілекті қалай айтуға болады?
Тілегіңіз есте қаларлықтай және әсерлі болу үшін бірнеше ережені сақтаңыз.
Тілекті "мен" және "маған" сөзінен бастамаңыз
Адамдар сіз жайлы емес, мереке себепшісі жайлы естігісі келеді. Сондықтан тілекті "мен" сөзінен бастамай-ақ қойыңыз. Басқалардың назарын қысқаша тілек сипаттамасымен өзіңізге қаратып алыңыз да, сөзіңізді жалғастырыңыз.
Мысалы: Мадина – қуанышыңмен де, қайғыңмен де бөлісу үшін телефон соға алатын адам. Себебі ол әрдайым қолдауға және түсінуге дайын тұрады. Бұл сөзіме осы жерге жиналғандардың бәрі қосылады деп ойлаймын.
Тілек айтқанда аз сөйлеуге тырысыңыз
Ұзақ тілек айту қонақтарды шаршатуы және жалықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан оны қысқаша еткен дұрыс. Ұзақ сөз сөйлеудің орнына қызықты фактілерге, маңызды және көңілді детальдарға мән беріңіз.
Мысалы, құрбыңызбен ұзақтан бері дос екеніңізді айтқыңыз келсе, былай деудің қажеті жоқ: "Мен университеттің жатақханасына 2016 жылы келгеннен жалғыз өзім 2 жыл тұрдым, содан кейін жаныма сен келдің. Біз жақсы дос болып кеттік және әлі күнге дейін араласып тұрамыз. Мен сенің бүгін күйеуге шығып жатқаныңа қуаныштымын".
Осы ақпаратты беріңіз, бірақ қысқаша етіп жеткізуге тырысыңыз: "Біздің достығымыз университет кезінде басталып, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Мен достығымыз жылдан жылға тек қатайып жатқанына қуаныштымын. Мен сені отбасы құруыңмен шын жүректен құттықтаймын". Немесе былай да айтуға болады: "Достығымыз басталған кезде студенттер кешіне қытысып жүрген едік, ал бүгін мен сенің өміріндегі ең маңызды сәтке қатысып жатырмын. Жастарды бірге құттықтайық".
Залда отырған адамдарды ескеруге тырысыңыз
Тілек басқаларды жалықтырмас үшін залда отырған адамдарды атап өтсеңіз болады. Мысалы: "Менің досым – мен білетін адамдар ішіндегі ең көңілді жан. Бірде Санжар екеумізді күлдіргені соншалық, көз жасымызды тоқтата алмағанымыз есімде. Солай ғой, Санжар?".
Бұлай қонақтарды тілегіңізге қосу арқылы оларды күлдіре аласыз және бұл сіздің тілегіңізге қызығушылық танытуға көмектеседі.
Егер тілекті алдын ала дайындасаңыз, оны жаттап алыңыз
Кей адамдар тілегін қағазға қарап оқып береді. Бұл жақсы әсер қалдырмайды. Сондықтан егер тілегіңізді алдын ала дайындасаңыз, оны жаттап алуға тырысыңыз.
Сөздерді әсірелеуден аулақ болыңыз
Ең жақсы, ең көңілді, ең ақылды, ең мейірімді деген сөздердің орнына сол сөздермен байланысты оқиғаларды еске түсіріңіз. Мысалы, "Сапар – әлемдегі ең мейірімді адам" деудің орнына "ол әрдайым жанымда, онымен қуанышыңды да, қайғыңды да бөлісе аласың" деп айтыңыз.
Тілек айтардың алдында кешірім сұрамаңыз
Кей адамдар тілек айтардың алдында дайындалып үлгермегені үшін немесе көпшілік алдында сөйлей алмайтыны үшін кешірім сұрайды. Бірақ бұлай кешірім сұрау, керісінше, сізге зиянын тигізеді. Бұл басқалардың сізге күмәндануына мәжбүрлейді және сіздің одан сайын уайымдауыңызға әкеледі. Сондықтан бірден сөйлеуге кірісіңіз.
Көпшілік алдында өзіңізді ұстау және сөйлеу техникасын меңгеріңіз
Әдетте, тілек айту көпшілік алдына сирек шығатындар үшін немесе жалпы адамдармен көп араласпайтындар үшін қиынға соғады. Халық алдында сөйлеу өнерін үйрететін курстарға қатысыңыз немесе өздігіңізден ғаламтордан пайдалы ақпараттар іздеп меңгеріңіз.
Өзін-өзі бағалауды арттырудың 4 әдісі
А. Жапатова