Қазақстан "бір Қытай" қағидатын қолдайтынын және Тайвань Қытайдың ажырамас бөлігі деп есептейді. Мұндай мәлімдемені Сыртқы істер министрлігі жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Тайваньда өткен сайлауға байланысты Қазақстан Республикасы «бір Қытай» қағидатын табанды түрде қолдайтынын қайта мәлімдейді және Қытай Халық Республикасының үкіметі бүкіл Қытайды білдіретін жалғыз заңды үкімет, ал Тайвань Қытай аумағының ажырамас бөлігі екенін растайды", - делінген хабарламада.
Сонымен бірге ведомство Қытай Халық Республикасы үкіметінің елді бейбіт жолмен біріктіру жолындағы күш-жігерін қолдайтынын да мәлімдемеде.
Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың CCTV телеарнасына берген сұхбатында Қазақстанның Тайваньға қатысты ұстанымын айтқан еді.
"Бұл мәселе әлемдегі барлық адамға түсінікті болуы керек деп санаймыз. "Екі Қытай" болмауы керек. Тайвань - Қытайдың бір бөлігі. Барлық мемлекетің аумақтық тұтастығы қағидаты Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысында бекітілген, оны сақтау қажет. Бұл қағида Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Декларациясы мен Жарғысына да енгізілген. Сондықтан мен тағы да баса айтамын, бұл бізге анық түсінікті: Тайвань - Қытайдың бір бөлігі. Бұл туралы ешқандай күмән жоқ", - деді Тоқаев сол кезде.
Жуырда Тайваньда президент сайлауы өтті. Тайваньдағы президент сайлауында билеуші партияның кандидаты Уильям Лай жеңіске жетті. Ол 40 пайыз дауыс жинап, екі қарсыласын сенімді түрде басып озды. Нәтижелерді елдің Орталық сайлау комиссиясы растады.
Лай бұған дейін Тайвань тәуелсіздігін қолдайтынын, бірақ ол кейінгі айларда президент болса, мұны ұстанбайтынын баса айтқан.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!