- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тараздың фосфор зауытындағы...
Тараздың фосфор зауытындағы жарылыс: оқиғаның алдын ала себебі белгілі болды
Жамбыл облысындағы Жаңа Жамбыл фосфор зауытының әкімшілігі жарылыстың алдын ала себебін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Зауыт әкімшілігінің хабарлауынша, жарылыс қауіпсіздік ережелерін сақтамамағаннан болған.
"№7 цехтың матаушысы Данияр Орманов пен №31 цехтың шикізат дайындау жөніндегі жетекші инженері Шахадияр Қалдыбай денелерінің әртүрлі бөлігңн химиялық күйік шалды. Зардап шеккендер №1 қалалық ауруханаға жеткізілді. Жұмыс тоқтатылды, оқиға орны қоршауға алынды. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен комиссия құрылды. Алдын ала себебі - қауіпсіздік шараларын сақтамаған. "ЖЖФЗ" ЖШС өкілдері зардап шеккендермен тұрақты байланысып отыр", - деп жауап берді зауыт әкімшілігі.
Дәл қазір Данияр Ормановтың денесінің 22 пайызы күйіп қалған, жансақтауда жатыр, жағдайы тұрақты. Шахадияр Қалдыбай 15 пайыз күйікпен жалпы палатада жатыр, жағдайы тәуір.
Зауыт зардап шеккен жұмысшыларға қажетті көмек беріп жатқанын айтты.
Еске салайық, мұның алдында Тараздағы фосфор зауытында жарылыс болып, екі қызметкер оңбай күйіп қалған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан