Таразда 16 қаңтардан бастап "Сергек" жүйесі іске қосылды. Ол бұған дейін тестілеу режимінен өткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жамбыл облысының полиция департаментінің мәліметінше, 48 аппараттық-бағдарламалық кешен (35 - желілік учаскеде және 13 - қиылыстарда) қаланың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жүйе жылдамдық режимінен асып кету, бағдаршамның тыйым салу сигналына өту, жол белгілерiн сақтамау (тоқтау сызығын басу, қиылыстың алдында дұрыс орын ауыстырмау, тыйым салынған жерде тоқтау жән тұрақтау) секілді жол ережелерінің бұзылуын тіркейді.
"Жол қозғалысы ережелерін бұзатындарды тіркеу автомат режимде жүргізіледі және полиция қызметкері тексергеннен кейін жол ережесін бұзған азаматқа жіберіледі. Барлық ереже бұзу жағдайы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімінде автомат түрде тіркеледі", - делінген Жамбыл облысы полиция департаменті таратқан хабарламада.
Хаттамаларды электрон цифрлық қолтаңбаның көмегімен erap-public.kgp.kz және egov.kz сайттарынан, сонымен бірге Kaspi банкінің мобайл қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер бөлімінде жүктеуге болады. Келіспеген жағдайда, Жамбыл облысының полиция департаментіне хабарласуға болады.
Еске салайық, 2022 жылғы қарашада Таразда "Сергек" жүйесі сынақ режимінде қосылғанын хабарлаған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!