Таразда "Сергек" жүйесі қашаннан бастап іске қосылатыны белгілі болды

Таразда "Сергек" жүйесі қашаннан бастап іске қосылатыны белгілі болды
Фото: Әлихан Сәриев

Жамбыл облысының орталығында биыл 1 желтоқсаннан бастап, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін "Сергек" бақылау жүйесі іске қосылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Сергек" - жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кешен. Қоғамдық орындарда, қаланың қылмысқа бейім аймақтарында, мектептердің жанында, тұрғын үйлердің аулаларында бейне-бақылау камералары орнатылады.

Таразда жоба бойынша 1250 жалпы бақылау камерасын орнату қарастырылған. 48 аппараттық-бағдарламалық кешен (АБК) қаланың жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Жылдамдықты асыру, бағдаршамның тыйым салған белгісіне өтіп кету, жолдағы қозғалысты реттейтін жолақтарды бұзу жүйеге тіркеледі. Жол ережесін бұзуды тіркеу автоматты режимде жүзеге асады. Бұдан кейін полиция қызметкері тексеру жүргізіп, өзінің ЭЦҚ арқылы ұйғарымға қол қояды.

Жол тәртібін бұзғандардан түскен айыппұлдар қала бюджетін толтырады. Ұйғарымдарды erap-public.kgp.kz, egov.kz сайттарынан ЭЦҚ арқылы авторизациядан өтіп, жүктеп алуға болады. Сонымен қатар, Kaspi банкінің мобильді қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер бөлімшесінен де табуға болады.

Барлық ереже бұзу жағдайы ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы тіркеу Комитетінің  әкімшілік істер бойынша бірыңғай реестріне бірден тіркеледі.

Көлік иесі шешіммен келіспеген жағдайда, Тараз бойынша полиция басқармасына баруға немесе ұйғарымда көрсетілген байланыс нөміріне хабарласа алады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек