Қаланы көркейтудің орнына жайқалған ағаштарды кесіп тастаған. "Яндекс карта" жүйесі арқылы Алматының өткені мен бүгінін салыстырған Massaget.kz тілшісі сұмдық жайтқа куә болды.
Алматы - тау бөктерінде орналасып, тал-терегі жайқалған жасыл қала. Төбесі түтінге тұнып тұрған қаланың ауасын таза ұстау үшін көшеттерді көбірек отырғызу немесе ағаштарды жүйелі түрде суарып, олардың санын тұрақты түрде көбейтіп тұру маңызды. Алайда қазіргі қала әкімі барлығын керісінше жасап жатқан секілді. Мәселен мынау "Абай" даңғылының қазіргі көрінісі.
Ал келесі суретте 2017 жылғы көрініс. Арасы жер мен көктей. Әрине жеті жылда ағаштың жайқалып, жан-жағындағы көліктерге кедергі келтіруі мүмкін. Алайда шыршалардың жол жиегіне шығып тұрған бөлігін кесіп, тегістеуге болар еді ғой. Бірақ тамырымен алып тастаудың еш жөні жоқ.
2014 жылы да теректердің жайқалып тұрғанын аңғаруға болады.
Күні кеше жайқалған ағаштардың қазіргі жай күйі мынау. Шыршаның орнын тып-типыл жасап орнына өзге терек сортын отырғызған. Жол жиегіндегі теректердің кейбірі қурай бастапты. Алматының басты даңғылының қазіргі сұры қашқан түрі осындай.
"Қаланы абаттандыруға жауапты мекеме зияны жоқ теректерді тып-типыл еткені қалай? Тіпті кедергісін келтірсе де заң бойынша халықтың келісімінсіз ағаштарды отап тастауға құқығы жоқ" дейді заңгерлер.
"Егер бұл ағаштарды кесетін болса халықтан алдымен сұрауы керек еді. Ал егер шынымен де ескі ағаш болса, ескі екендігін дәлелдейтін арнайы сараптама жүргізілуі керек еді. Сарапшылар "бұл ағаш қаламызға шын мәнінде қауіпті" деген қорытынды берсе ол ағаштарды алып тастауға болар еді. Ал менің мұндай жұмыстар жүргізілді дегенге күмәнім бар", - дейді заңгер Ғабит Өмірбек.
Халықтың пікірінсіз тал-теректі тамырымен қосып алып тастау ақылға томпақ дүние. Алматының экологиясын, адамдардың денсаулығын ойлаған әкім ондайға бармаса керек-ті.
Айта кетейік біз бұған дейін Алматыда 2 жылда 100 мың ағаш қурап қалғанын жазған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!