"2 жылда 100 мың ағаш қурап қалған!" Алматыда ағаштар күз келмей сарғайып кетті

"2 жылда 100 мың ағаш қурап қалған!" Алматыда ағаштар күз келмей сарғайып кетті
Фото: автордан

Абаттандыруға миллиардтаған қаржы бөлінсе де, Алматыдағы ағаштар суарылмай келеді. Мәселен Төлебаев көшесіндегі ағаштар күз келмей жатып сарғайып, кейбіреуі басынан аяғына дейін қурап кеткен. Massaget.kz тілшісі оқиға орнына барып қураған теректерді көзбен көріп қайтты. 

Мұқан Төлебаев көшесі көбінесе жаяу жүргіншілердің серуендеп жүруіне арналған. Қос қапталдан көмкерілген ағаштар аптап ыстықта қала тұрғындарына көлеңке болып тұратын. Алайда, тұрақты күтімнің жоқтығынан теректер күз келмей жапырақтары сарғайып, кейбіреуі тіптен қурап кеткен.

Осы аумақпен жиі серуендейтін Әмина есімді қала тұрғыны ағаштарды суарып жатқанын бірнеше мәрте көріпті. Дегенмен бұл ағаштарды бір реттік суарумен қайта қалпына келтіру мүмкін емес екенін айтты.

"Әкімдік аптап ыстықта ағаштарды суарғаннан басқа ештеңе білмейді. Қазір бұларға арнайы санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізу керек. Жан-жағын қопсытып, діңгегін әктеп деген секілді. Олай етпесе бұл теректердің қайта көктеуі қиын. Биологиялық өңдеу жүргізсе де артық етпейді, - дейді қала тұрғыны. 

Ағаштардың бірсыпырасы басынан аяғына дейін қурап кетсе, енді бірінің жапырақтары сарғайып алдыңғыларының күйіне түсуге шақ қалған. 

Ағаштардың бірнеше күннен бері суарылмағанын анық аңғаруға болады. Себебі, ағаштардың түбі құрғап, тіпті су тұратын шұңқырдың да жоқтығы аңғарылады. 

Ал Саясаткер Санжар Боқаев болса аталған аумақта осындай жүзге тарта жас ағаштың барын айтады. Әкімдік "табиғатты әдейі жойып жатыр" деп дабыл қақты. 

"Кешірілмейтін дүниелер бар. 2 жылда 100 мың ағаш қурап қалған. Төлебаев көшесінде осындай 100-ге тарта жас ағаш бар. Әкімдік ағаштарды әдейі жойып жатыр. Бұл ағаштар мүлде суарылмаған. Егер суарылған болса түбі шұңқыр болып тұрушы еді. Мен Ерболат Досаевты өзіммен бірге жүріп, көшені жаяу аралауға шақырамын. Абаттандыруға бөлінген миллиардтардың қайда кеткенін көрсетемін", - деді саясаткер. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Санжар Бокаев (@sanzhar_bokayev)

Біз аталған мәселеге қатысты әкімдікке арнайы сұрау салдық. Жауабын алдағы уақытта жариялаймыз. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов