- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тамақты асықпай жеңіз:...
Тамақты асықпай жеңіз: баяу тамақтанудың артықшылықтары
Тамақты жылдам жеу әдетіңізге айналып кеткен болуы мүмкін. Бұл балалық шақта қалыптасқан болуы мүмкін. Алайда тамақты жылдам тауысып қою ағзаға зиян. Ал асықпай тамақтанудың бірқатар артықшылығы бар.
Арықтауға көмектеседі
Жылдам тамақтанатын адамдарға қарағанда баяу тамақтанатын адамдар калорияны азырақ тұтынады. Себебі ағза тоқтықты сезіну үшін оған шамамен 20 минуттай уақыт қажет. Тамақты тез жеген кезде тойғаныңызды сезініп үлгермейсіз. Сондықтан бұл әдетте артық тамақтануға әкеледі. Ал әр бөлікті шайнап, тамақты асықпай жесеңіз, тойғаныңызды жылдам сезесіз. Бұл кезде миға тойғаныңыз жайлы белгі келеді.
Көбірек ләззат сыйлайды
Тамақты тез жеп тастаған кезде не жегеніңізді білмей қаласыз және оның дәмін аса сезбегеніңізді байқаған боларсыз. Егер асықпай тамақтансаңыз, одан көбірек ләззат аласыз. Себебі баяу жеген кезде ағзада бақыт гормоны бөлінеді.
Асқорыту жақсарады
Баяу тамақтану асқорытудың жақсаруына ықпал етеді. Біріншіден, баяу тамақтанған кезде сілекей көбірек бөлінеді. Екіншіден, жақсылап шайналған тамақ асқазанға түскен кезде асқазан сөлімен біртекті араласады. Үшіншіден, баяу тамақтанған кезде ағзаға тамақтағы барлық пайдалы микроэлемент пен дәруменнің сіңуіне уақыт бересіз.
Күйзелістен арылуға көмектеседі
Баяу тамақтану босаңсуға көмектеседі. Сондай-ақ асықпай тамақ ішу өмір ырғағын баяулатуға көмектесіп, сіздің психикалық және физикалық денсаулығыңызға жағымды әсер етеді.
Тамақты асықпай жеуді қалай әдетке айналдыруға болады?
- Жалғыз бастамаңыз. Жігітіңізді, құрбыңызды немесе отбасы мүшелерін сізбен бірге асықпай тамақ ішуді үйренуге шақырыңыз.
- Алаңдататын факторлардан арылыңыз. Тыныш жерде тамақтанған жөн. Дастархан басында смартфон немесе ноутбук қарамаңыз.
- Бастапқы кезде уақыт белгілеп қойыңыз. Тамақ ішерде уақыт қойып, өзіңізді тексеріңіз. Егер белгіленген уақыттан ерте тауысып қойсаңыз, келесі жолы одан да асықпай жеуге тырысыңыз.
Оқи отырыңыз: Демалыс күндері демалуға кедергі келтіретін 7 қателік
А. Жапатова