Талғарда Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін сотта прокурор Ерлан Құланбаев адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (жәбірленуші - ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Әлімов) және бопсалау (жәбірленуші - Әріпжан Тәжиев) істері бойынша егжей-тегжейлі айыптау актісін оқыды.
Адам ұрлау, соққыға жығу және бопсалау бойынша айыпталып отырған Хасан Қасымбаев сотта өз кінәсін мойындамады.
"Кінәні толық мойындамаймын", - деп жауап берді Хасан Қасымбаев.
ММА файтері әрі жаттықтырушысы Арман Әлімов өзіне жасалған шабуыл туралы айтты.
"Дүкеннің маңында маған бес адам шабуыл жасады. Жанында дайын тұрған көлік болды. Мадияр қолымды қысып амандасты да, тартып қалды. Біреу аяғымнан ұстап, аудара бастады. Тек соққылары есімде, содан кейін есімнен танып қалдым. Есімді жиғанда көліктің артқы орындығында жатқанымды түсіндім. Руслан аяғымнан ұстап, Мадияр денемді қысып отырды, басымды Ақтанов қысып тұрды. Мені Талғардан алыс далаға алып барды. Қараңғы түсіп кеткен еді. Жерге лақтырып, тергеуді бастады. Сұлтанбеков пен Асқаров мені бейсбол таяқтарымен ұра бастады", – деді ол.
Жәбірленушінің айтуынша, соққы кезінде шабуылдаушылардың бірі, яғни Мадияр Қалимжанов футболкасын шешіп, оқ жарақатын көрсетіп, жылап тұрып мүгедек болып қалғанын айтқан. Сонымен қатар, ол бұл үшін Әлімовты айыптап, жауап беруді талап еткен (2020 жылы Еңбекшіқазақ ауданында болған атысқа қатысты - еск.).
"Мен Ақтановтың Қасымбаевқа қоңырау шалып, әрі қарай не істеу керек екенін сұрағанын естідім. Руслан бәрін видеоға түсіріп тұрды, қалғандары мені ұрып-соғуды жалғастырды. Кейін Қасымбаев оларға күте тұруды бұйырды. Біраздан соң ол көлікпен келді, бірақ ішінен шыққан жоқ. Терезесін түсірді, оны көрдім. Ол: "Жетеді, кеттік, біліп қойды, қызметкерлер келе жатыр" деді. Осыдан кейін бәрі тез көлікке отырып, кетіп қалды", - деді Әлімов.
Хасан Қасымбаевтың есімі Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты істен кейін жиі айтыла бастады.
Еске салайық, бұған дейін Хасан Қасымбаев 2021 жылы ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысын ұрлап, соққыға жықты деген күдікке ілінгені хабарланды.
Үш жыл бұрын болған қылмыс видеоға түсіп қалған. Жазбада жәбірленуші, яғни ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Әлімов екені жазылған. Оның туыстарының сөзінше, ер адам алдымен "Виктория" шағын маркетінің жанында соққы жеп, артынша ес-түссіз күйде Кеңдала ауылындағы канал жақтан табылған. Содан кейін ер адам ауыр жағдайда ауруханаға түскен.
Хасан Қасымбаев 2024 жылы 2 қарашада ұсталды. Кейін екі айға қамауға алынды.
2025 жылы 21 сәуірде Хасан Қасымбаевқа қатысты істі тергеу аяқталды.
2025 жылы 29 шілдеде Хасан Қасымбаевтың ісі сотқа жолданды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!