Талғарда жаяу жүргіншілер өткелінде "ваннаға түскен" блогер қамауға алынды

Талғардың орталығындағы жаяу жүргіншілер өткелінде "ваннаға түскен" блогер қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы облысы Талғар аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысы Талғар аудандық сотында ӘҚБтК-нің 434 бабының 1 бөлігі (ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқада осындай әрекеттер) бойынша Ә.-ге қатысты әкімшілік іс қаралды.

2024 жылдың 2 ақпанда сағат 20:00 шамасында Ә. Талғар қаласы, Қонаев көшесінде аудандық әкімшілік ғимаратының алдында, жаяу жүргінші жолағының ортасына көбік толған ваннаны қойып, ішінде компот ішіп жатқан.

Ә. өзінің іс-әрекетімен жол жүргіншілерге кедергі келтіріп, қоғамдық орында айналасындағыларға сыйламаушылық бiлдiріп, қоғамдық тәртiптi бұзған. Құқықбұзушы Ә. кінәсі әкімшілік құқықбұзушылық хаттамасымен және оның түсініктемесімен толық дәлелденген.

3 ақпандағы сот қаулысымен құқықбұзушы Ә. ӘҚБтК-нің 434 бабының 1 бөлігімен кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ. 

Еске салайық, бұған дейін блогер Талғардың орталығындағы жаяу жүргіншілер өткелінде "ваннаға түскені" туралы хабар тараған болатын.

Кадрлардан әкімдік алдында орналасқан алаңдағы жаяу жүргіншілер өткеліне көбігі бар ванна қойылғанын, онда костюм киген жас жігіттің жатқанын көруге болады. Блогер бөтелкені ашып, қызыл шарапқа ұқсас сусын ішеді.

2 ақпан күні сағат 23:00 шамасында болған оқиғаға Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов түсінік берді. Оның айтуынша, орталық көшедегі жаяу жүргіншілер өткелінде жол қозғалысына кедергі жасаған 24 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.


 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!