Талдықорғанда ұлын тастай суық қораға қамап тастаған ата-ана қалай жазаланды?

Талдықорғанда сот ұлын тастай суық қораға қамап қойған ерлі-зайыптыны ата-ана құқығынан айырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сот отырысында баланың мүддесін қалалық білім бөлімінің қызметкерлері қорғап, сотқа ерлі-зайыптыны ата-ана құқығынан айыру туралы азаматтық талап арызбен жүгінді. Істі Жетісу облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жабық есік жағдайында қарады.

Ведомствоның мәліметінше, Бала құқықтары туралы конвенцияны басшылыққа ала отырып, сот кәмелетке толмаған баланың мүддесін ескеріп, жауаптыларды ата-ана құқығынан айыру туралы талап арызды қанағаттандырды. Баланың өзі де талап арызды қолдады.

"Сот шешімімен кәмелетке толмаған Л.-ның ата-анасы ата-ана құқығынан айырылып, олардан оны асырау үшін алимент өндірілді. Алимент баланың атына ашылған депозиттік шотқа аударылады. Кәмелетке толмаған Л. одан әрі қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның ("Жетісу облысы білім басқармасы Талдықорған білім бөлімі" мемлекеттік мекемесі) қамқорлығына берілді", - деп хабарлады Жетісу облысындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі. 

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін тоғыз жастағы Артем Лебедев өз анасы тарапынан бірнеше рет физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын жазған едік. Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жетісу облысы бойынша өкілдігі мәлімдеді.

Артурдың отбасына Талдықорған білім және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, облыстық балалар омбудсмені және әлеуметтік сала өкілдерінен тұратын комиссия барды.

"Анасы мен екі баласы антисанитариялық және адам төзгісіз жағдайда өмір сүрген, ал әйел алкогольдік ішімдіктерді пайдаланғанын және балаларды қорлағанын мойындамады. Светлана Лебедева 9 жастағы ұлын Артемді суық сарайға қамап тастады, - делінген Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жазбасында.
 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!