"Талайды тәубесіне келтірген күн". Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров жер сілкінісі туралы пікір білдірді

"Талайды тәубесіне келтірген күн". Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров жер сілкінісі туралы пікір білдірді
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров әлеуметтік желісінде Алматыда болған жер сілкінісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжілісмен табиғи құбылысты дінмен байланыстырды.

"Талайды тәубесіне келтірген күн. Осы түн соңғы түніміз болғанда не істер едік? Бұл Алланың кішігірім ескертуі. Ойлап қараңызшы: жер бұдан да қатты сілкінгенде бүгін қандай хәлде болар едік. Аллаға шүкір! Бұл Алланың мейірімі деп түсіну қажет. Өйткені, үлкен ескерту келмес бұрын кіші ескерту, үлкен азап келмес бұрын кіші азап келеді. Адамдар шарасызбыз, қолымыздан түк келмейді, сөйте тұра тәкаппармыз. Ойлан, тәубеңе кел", - деді Назаров.

Еске сала кетсек, 23 қаңтарда қараған түні Алматыда жер сілкінісі болды. Дүмпу MSK-64 шкаласы бойынша Алматыда 5 балл, Шымкент 2 балл болып сезілген. 

Артынша жер сілкінісі тағы да сезілді. Көп ұзамай жер сілкінісінің үшінші толқыны сезілді.  

Алматыда жер сілкінісі қайталанбайды

Сейсмикалық болжау комиссиясы Алматыдағы жағдай бойынша қорытынды жасады. 

"Комиссияның қорытындысына сәйкес күшті және жойқын жер сілкінісі күтілмейді", - деп жазылған хабарламада.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдын ала жоспарланған жұмыс кестесіне сәйкес 24-25 қаңтар күндері Алматыға барады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. 

Алматы қалалық полиция департаментінің қызметтері мен бөлімшелері қызметтің күшейтілген нұсқасына көшірілді. Қаладағы жағдай тұрақты.

 Жасұлан Ордабаев 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz