Таиландтағы жантүршігерлік өлім: премьер-министр жұрттан кешірім сұрады

Таиланд премьер-министрі Анутхин Чанвиракун Паттайяда 22 жастағы Диана мен 17 жастағы Роман Назимовтардың айуандықпен өлтірілуіне байланысты қоғамнан, туристерден және марқұмдардың туыстарынан ашық түрде кешірім сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі The Pattaya News басылымына сілтеме жасап.

Таиланд үкіметінің басшысы тергеу барысын жеке бақылау үшін Чонбури провинциясына арнайы барды. Журналистерге арналған брифингте ол мемлекет атынан қайғыға ортақтасып, кешірім білдірді.

"Қаза тапқандардың отбасына көңіл айтамын. Сондай-ақ, туристер мен бүкіл Ресей халқынан шын жүректен кешірім сұраймын. Бұл - қатыгез қылмыс. Бірақ бұдан тұтас Таиланд қауіпсіз емес деп қабылдауға болмайды", - деді ол.

Премьер-министрдің айтуынша, бұл қайғылы оқиға бүкіл елдің беделіне нұқсан келтірген.

"Екі адам шошырлық әрекетке барды. Мұндай қатыгездікке қалай жол берілгенін өз көзіммен көру үшін арнайы келдім. Елдің абыройына дақ түсіретін адамдарға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Олар заң аясында ең қатаң жазаға тартылуға тиіс", - деді Анутхин Чанвиракун.

Бұған дейін Паттайя маңында Ресейдің екі азаматы - 22 жастағы Диана мен оның 17 жастағы інісі Роман жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен еді. Кейін полиция екі ер адамды ұстады. Олар бауырларды өлтіргенін мойындап, мәйіттердің жерленген жерін көрсеткен.

Бұған дейін тергеу органдары Понгты іске қатысы бар адамдардың бірі ретінде атаған болатын. Жергілікті тұрғындардың ақпараты бойынша кейінірек оның үйі маңынан бөлшектеліп, көмілген мотоцикл табылған. Жоғалған әпкесі мен інісін соңғы рет осы мотоциклмен көргендер бар.

Сонымен қатар, таиландтық БАҚ мәліметінше, Понг бұған дейін бала ұрлау және атыс қаруын заңсыз сақтау баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Дерекке сүйенсек, жауап алу кезінде ұсталғандардың бірі Тхонгчай тергеушілерге Романды Тхана атып өлтіргенін, содан кейін сүйекті таулы аймаққа апарып көмгенін айтқан.

Полицияның мәліметінше, Тхананың өзі де кісі өлтіргенін мойындаған.

Тергеу нұсқасы бойынша күдікті 17 жастағы Романға оқ атқанын, ал Диана шабуылдан кейін қаза тапқанын айтып берген. Ер адам қызға жыныстық зорлық-зомбылық жасалды деген айыпты жоққа шығарған.

Тергеушілер қылмыстың болжалды себебі Диана мен Роман мінген жалдамалы мотоциклді иемдену болғанын айтқан.

Еске салайық, бұған дейін Таиландта екі бауыр жұмбақ жағдайда жоғалып кеткені хабарланды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!