Таиландта екі бауыр жұмбақ жағдайда жоғалып кетті: күдіктілер ұсталды

Таиландта екі бауыр жұмбақ жағдайда жоғалып кетті: күдіктілер ұсталды
Фото: t.me/shot_shot

Таиландтың Паттайя аумағында жоғалып кеткен 22 жастағы Диана мен оның 17 жастағы інісі Романды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл оқиға бірнеше аптадан бері әлеуметтік желі мен БАҚ-та қызу талқыланған тақырыптардың бірі болып отыр. Осы уақыт ішінде тергеу органы жаңа мәліметті жариялады, маңызды заттай дәлелдер табылды, ал полиция қылмыс іздерін жасырды деген күдікпен екі адамды ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі

Әпкесі мен інісі қалай жоғалды?

The Thaiger басылымы мәліметінше, Диана мен Роман анасы Заринамен бірге Паттайяға жақын маңдағы Бангламунг ауданында тұрған. Отбасы Таиландқа Түменнен осыдан бес жылдан аса уақыт бұрын көшіп барған.

Анасының айтуынша, 26 шілдеде таңғы сағат төрт шамасында әпкесі мен інісі жалға алынған Honda ADV мотоциклімен үйден шығып кеткен. Олар тек ұялы телефондары мен аз мөлшерде ақша алған.

Жоғалып кетерден аз уақыт бұрын қыз анасына iPhone телефоны белгісіз Bluetooth құрылғысын анықтағанын, бұл құрылғы оларды аңду үшін қолданылуы мүмкін екенін айтқан.

Сонымен қатар, ол анасына біреулер аңдып жүргендей сезінетінін жазған. Сағат 4:26-да Диананың телефонынан соңғы хабарлама келген:

"Urgent!" ("Шұғыл!")

Дәл осы уақытта смартфон соңғы геолокацияны - үйден шамамен 200 метр қашықты көрсеткен. Осыдан кейін олармен байланыс мүлдем үзілген. Өз бетінше іздеуден нәтиже шықпаған соң анасы полицияға жүгінген.

Бейнебақылау камералары не көрсетті?

SHOT мәліметінше, тергеушілер бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп шыққан. Қолда бар ақпарат бойынша камералар әпкесі мен інісі Ban Amphoe - Chak Ngaew жолына қарай бара жатқанын тіркеген. Кейін олар жол жиегінде белгісіз адаммен сөйлесу үшін шамамен екі минутқа тоқтаған.

Осыдан кейін жастар жолын жалғастырған. Кейін камералар олардың артында келе жатқан тағы бір мотоциклді түсіріп алған. Содан соң үшеуі де көпір астындағы қиылыс маңында камералардың көру аймағынан жоғалып кеткен.

Мотоцикл табылған

Бірнеше күннен кейін тергеу ісінде жаңа дерек пайда болды. Полицейлер жалға алынған мотоциклді тапты.

Тергеу мәліметіне сәйкес көлік толығымен бөлшектеліп, оған қатты зақым келген. Оны жерге көміп тастаған, ал бөліктерге кесілген тіркеу нөмірін жасырып қойған.

The Thaiger мәліметінше, табылған мотоциклдің нөмірі Диана мен Роман мінген байк нөмірімен сәйкес келген.

Мотоцикл табылған жердің маңындағы су қоймасын полиция тексергені хабарланды. Айғақтарды іздеу үшін құтқарушылар мен сүңгуірлер жұмылдырылды.

Басты күдікті

Кейін бірқатар БАҚ тергеу органдарының назарына Понг (Тхану Кэрдтхонг) есімді Таиланд тұрғыны іліккенін хабарлады.

Жарияланған ақпаратқа сәйкес ол бұған дейін бірнеше рет полицияның назарына түскен: 2010 жылы кәмелетке толмаған баланы ұрлау ісі бойынша, ал 2016 және 2018 жылдары атыс қаруын заңсыз сақтау істері бойынша ұсталған.

Сондай-ақ, оның үйін тай полицейлері қоршауға алғаны, ал еріктілерден іздеу шаралары жүріп жатқан орман алқабынан кету сұралғаны хабарланды.

Дегенмен Таиланд полициясы бұл адам Диана мен Романның жоғалуына қатысы бар екенін ресми түрде растамаған.

Кейін тергеу аясында тағы да адамдар ұсталғаны белгілі болды. SHOT арнасы мәліметінше, туристік полиция қызметкерлері Панг және Сыа Хой есімді Таиландтың екі тұрғынын ұстаған.

Құқық қорғау органдарының нұсқасы бойынша олар:

  • әпкесі мен інісі соңғы рет мінген мотоциклді көміп тастаған;
  • негізгі екі күдікті - Понг пен Тхонг жасырынуына көмектескен;
  • қылмыс айғақтарын жасыруға тырысқан.

Ұсталғандардың өзі тағылған айыппен келіспейді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget