Таиландта әпкесі мен інісі жұмбақ жағдайда жоғалып кетті: күдіктілер бәрін мойындаған

Таиландта әпкесі мен інісі жұмбақ жағдайда жоғалып кетті: күдіктілер бәрін мойындаған
Фото: әлеуметтік желіден

Паттайя маңында бірнеше күн бұрын жоғалып кеткен 22 жастағы Диана мен 17 жастағы Романның ісіне қатысты тың дерек пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

The Thaiger мәліметінше, осы іс бойынша ұсталған екі ер адам бауырларды өлтіргенін мойындап, олар көмілген болуы мүмкін жерді көрсеткен. Алайда қазір сүйектер табылғаны және қаза тапқандар кімдер екені расталғаны туралы ресми ақпарат жоқ. Тергеушілер оқиға орнында жұмысты жалғастырып жатыр.

Таиландтық БАҚ мәліметінше, 31 шілдеде полиция қызметкерлері шекараға жақын маңдағы Са-Кео провинциясында екі күдіктіні ұстаған.

Олар - "Понг" деген лақапатпен белгілі 43 жастағы Тхана Кэрдтхонг және "Тхонг" деп танылған 39 жастағы Тхонгчай Сринин.

Полицияның мәліметінше, олар елден қашып кетпек болған сәтте ұсталған.

Бұған дейін тергеу органдары Понгты іске қатысы бар адамдардың бірі ретінде атаған болатын. Жергілікті тұрғындардың ақпараты бойынша кейінірек оның үйі маңынан бөлшектеліп, көмілген мотоцикл табылған. Жоғалған әпкесі мен інісін соңғы рет осы мотоциклмен көргендер бар.

Сонымен қатар, таиландтық БАҚ мәліметінше, Понг бұған дейін бала ұрлау және атыс қаруын заңсыз сақтау баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Дерекке сүйенсек, жауап алу кезінде ұсталғандардың бірі Тхонгчай тергеушілерге Романды Тхана атып өлтіргенін, содан кейін сүйекті таулы аймаққа апарып көмгенін айтқан.

Полицияның мәліметінше, Тхананың өзі де кісі өлтіргенін мойындаған.

Тергеу нұсқасы бойынша күдікті 17 жастағы Романға оқ атқанын, ал Диана шабуылдан кейін қаза тапқанын айтып берген. Ер адам қызға жыныстық зорлық-зомбылық жасалды деген айыпты жоққа шығарған.

Тергеушілер қылмыстың болжалды себебі Диана мен Роман мінген жалдамалы мотоциклді иемдену болғанын айтқан.

Еске салайық, бұған дейін Таиландта екі бауыр жұмбақ жағдайда жоғалып кеткені хабарланды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget