ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш елімізде су тасқынынан тағы 3 мың қазақстандық қауіпсіз жерге көшірілгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"9 сәуірдегі 16:00-дегі жағдай бойынша Азаматтық қорғау қызметі 88 мыңға жуық адамды эвакуациялады. Оның - 30 мыңы бала. Қазір уақытша орналастыру пунктерінде 7 мыңнан аса адам бар. Оның 3 700-і бала. 4800 адам өз үйлеріне оралды. 82 315 бас мал қауіпсіз жерге айдалды", - деді Ерасыл Сайпаш ОКҚ-де өткен баспасөз брифингте.
Бүгінде Қазақстандағы авариялық құтқару жұмыстарына 23 мыңнан аса адам, 2500-ге жуық техника, 448 су сору техникасы және 131 жүзу құралы, 6 әуе кемесі жұмылдырылды.
"Кейінгі тәулікте Төтенше жағдай министрлігінің 525 маманнан тұратын жеке құрамы мен 100-ге жуық техникасы Алматы қаласынан Қарағанды, Павлодар және Ұлытау облыстарына, сондай-ақ, Астана қаласындағы Қорғаныс министрлігінің №58665 әскери бөлімі Солтүстік Қазақстан облысына жіберілді", - деді аға офицер.
Сондай-ақ ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен 8 миллионнан аса текше метр еріген қар суы сорылған. 1 миллион 200 мыңға жуық қапшық және 1 миллион тоннадан асатын инертті материал төселген.
"Ақтөбе және Қостанай облыстарына Қырғыз Республикасының гуманитарлық көмегі келіп жетті. Қалған жүк көліктері Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына бала жатыр", - деді Ерасыл Сайпаш.
Айта кетейік, бұған дейін ТЖМ су тасқынынан 85 мың адам құтқарылғанын хабарлаған.
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!