Кафеде немесе мейрамханада ұсынатын мәзір – жай ғана тамақтар тізімі емес. Оны мейрамхана стиліне сай келетіндей және оңай оқылатындай етіп кәсіби мамандар жасайды. Сондай-ақ мәзірді табыс әкелуге ықпал ететіндей етіп құрады. Түскі немесе кешкі ас кезінде тек өз талғамыңызға сеніп тапсырыс беру үшін мәзірді құрушылар қандай қулықтарға баратынын біліп жүру керек. Ендеше, олар сіздің не тапсырыс беретініңізге қалай әсер етуге тырысады?
1. Түрлі түсті суреттермен қызықтыру
Егер мәзір әдемі суреттермен безендірілген болса, келушілер әдеттегіден көбірек тапсырыс береді. Қарны ашқан адам суреттегі тамақты жегісі келеді. Егер сурет қозғалып тұрса, ол одан әрі қаттырақ әсер етеді. Сол үшін кейбір жылдам тамақтану мейрамханалары осындай технологияларды қолданады. Сурет қаншалықты қанық, ашық болса және қозғалып тұрса, ол келушілерге қаттырақ әсер береді. Алайда бұл жерде де мөлшерді сақтау керек, себебі мәзірде суреттің тым көп болуын адамдар арзан мейрамхаалармен ұқсастырады.
2. Тамақтың бағасын "жасыру"
Қонақтар мейрамханаға көбірек ақша тастап кету үшін қолданылатын тағы бір әдіс – мәзірдегі бағаларды барынша білдіртпеу. Мысалы, кей мейрамханалар мәзірге тамақтың бағасын санмен емес, жазбаша ұсынады: "4 500 теңге" деудің орнына "төрт мың бес жүз теңге" деп жазып қояды. Егер жазбаша жазылып тұрса, әдетте адам ойша шамамен қанша жұмсап жатқанын есептемейді. Ал сандар тұрса, адам автоматты түрде есептейді. Сондай-ақ мәзірге 5 000 теңге деп емес, 4 995 теңге деп жазады. Адамдар үшін мұндағы екінші баға біріншісіне қарағанда тартымдырақ көрінеді.
3. Қандай да бір тамақтың бағасын басқаларға қарағанда қымбат етіп қою
Тағы бір әдіс – тізімнің бастапқы жағына басқаларға қарағанда қымбаттау бір тағамды қою. Мейрамханаға келушіге қолжетімді, бірақ басқа тамақтарға қарағанда сәл қымбаттау тағам дәмдірек және сапалырақ болатындай көрінеді. Нәтижесінде адам осы қымбат тағамға тапсырыс беріп, мейрамханадан тоқ және риза болып кетеді. Зерттеулердің бірінде екі топқа бағасы әртүрлі, бірақ бір тамақты береді. Сол тамақ үшін көбірек ақша берген келушілер оны келесі топқа қарағанда дәмді деп бағалаған.
4. Мәзірдегі адамның көзі бірінші түсетін жерге қымбат тағамдарды қою
Мысалы, супермаркеттерде табыс әкелетін тауарларды көз деңгейіндегі сөрелерге қояды. Сондай-ақ балаларға арналған тауарларды астыңғы сөрелерге қояды. Сол секілді мейрамханаларда да мәзірдің ішінде келушілердің көзі бірінші түсетін жер бар. Мамандардың айтуынша, бұл мәзірдің оң жақ жоғарғы бұрышы. Сондықтан мәзірді құрушылар осы жерге мейрамханаға көбірек табыс әкелетін тағамды қоюға тырысады.
Сондай-ақ адамдардың зейінін ұстау үшін мейрамханаға көп табыс әкелетін тағамдарды қоршап қояды немесе басқа әдістермен ерекшелейді.
5. Нақты түстерді пайдалану
Әр түс келушілердің әрекетіне әртүрлі әсер етуі мүмкін. Мысалы, әдетте көк түс – тыныштандырушы әсерге ие. Мейрамханалар мәзірге жиі қызыл және сары түсті қолданады. Себебі қызыл түс – тәбетті ашса, сары өзіне назар аудартады.