Қарағандыда "Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту" ұлттық жобасы аясында сүт өнімдерінің бағасын арзандатуға бөлінген 339 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік субсидия қолды болған. Бұл дерекке қатысты айыптау үкімі шығарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жай
Бұл жағдайды ҚМА Қарағанды облысы бойынша департаменті тергеді. DIAS шаруа қожалығының басшылары жергілікті ветеринарлық дәрігермен сөз байласып, субсидия алу мақсатында ірі қара мал, сондай-ақ, сүт өнімдерін өндіру және сату туралы жалған құжаттар тапсырған. Алайда іс жүзінде шаруа қожалығының қарамағында өндірістік қызмет жүргізуге жарамсыз шағын мал шаруашылығы базасы ғана болған.
"Сүт өнімдері өндірілмеген, өңделмеген. Күдіктілер жымқырылған субсидияның бір бөлігін ет бағытындағы 60 асыл тұқымды бұқа сатып алуға жұмсап, нәтижесінде 9 млн теңге көлемінде субсидия түрінде қосымша қылмыстық табыс алған", - деп жазылған хабарламада.
Сот үкімі
Сот үкімімен олар ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық), 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру) және 206-бабы 3-бөлігі 2-тармағы (ақпаратты заңсыз жою немесе өзгерту) бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, сот Ауыл шаруашылығы басқармасының 339 млн теңге сомасындағы азаматтық талабын қанағаттандырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы шенеунігі 1,5 млрд теңге көлеміндегі субсидияны жымқырды деген күдікпен ұсталды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова