Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты іс: сотта марқұмдардың малы қалай сатылғаны айтылды

Атырау облысында жұмбақ жағдайда жоғалып, кейін көз жұмғаны белгілі болған бір отбасының өліміне қатысты сотта жаңа дерек айтылды. Куәгер WhatsApp арқылы берілген нұсқау бойынша мал бағуға көмектескенін және малды сатып алушыларға көрсетіп отырғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Атырауда әйелінің төрт туысын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот талқылауы жалғасып жатыр.

4 маусымда сотта негізгі куәгерлердің бірі, шопан Дархан Бақытов жауап берді. Куәгермен хат алмасқанда өзін Наурыз Мұқанғалиев деп таныстырған айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев марқұмдардың малын сату схемасын ұйымдастырған.

Tengrinews.kz

Қаза тапқан отбасының туыстары оларды "Ташкентте емделіп жатыр" деп сеніп жүргенде, марқұмдардың малы біртіндеп сатыла берген.

Куәгер Дархан Бақытов 2024 жылы күзде WhatsApp арқылы қосымша жұмыс істеу туралы ұсыныс алғанын айтты. Ол кезде Наурыз Мұқанғалиев Дархан Бақытовқа күнделікті ақысына қой мен сиыр бағуды ұсынған.

Бір қарағанда күмәнді ештеңе байқалмаған. Алайда кейінірек жұмыс ақысы сол кезде қаза тапқан отағасы Мақсот Қарабалиннің банк картасынан аударылғаны белгілі болған.

Куәгердің айтуынша, хат алмасу кезінде "Наурыз Мұқанғалиев" үй иелері жоқтығын бүкіл отбасы шұғыл түрде Ташкентке емделуге кетті деп түсіндірген. Ол кезде куәгер Наурыз Мұқанғалиевтің атынан мүлдем басқа адам жазып отырғанын білмеген.

"Малды жайылымнан айдап келгенімде, Наурыз картама ақша аударды. Бірақ ақша Мақсот Қарабалиннен түсті", - деді куәгер Дархан Бақытов.

Бұған дейінгі сотта айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев қаза тапқан Наурыз Мұқанғалиевтің ұялы телефонын пайдаланып, оның атынан хат жазып отырғаны айтылды.

"Қаңтардың ортасында Наурыз маған тағы да WhatsApp арқылы жазды. Емделуге шұғыл ақша керек екенін айтып, не істеу керек екенін сұрады. Оған "Ақша өте қажет болса, малды сат" деп жауап бердім. Ол "саған сатып алушыларды жіберемін, сен тек малды көрсетсең болды" деп келісті", - деді куәгер сотта.

Кейін іс шиеленісе түскен.

"Қораға қаза тапқан отағасы Мақсот Қарабалиннің туысы Бауыржан келгенде бәрі ашылды. Ол малды әкетіп жатқанын көріп, "неге біреудің малын сатып жатсың?" деп сұрады. Таңғалып, "Наурыздың өзі жазып жатыр ғой! Бұл - әкесінің ақшасы, сат деп жатыр" деп жауап бердім", - деді куәгер сотта.

Барлық нұсқау тек WhatsApp арқылы хабарлама түрінде келгені белгілі болды. Сот талқылауы әлі жалғасып жатыр.

Атырау облысында жоғалған отбасының ісі

Еске салайық, 2025 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қарашадан бері байланысқа шықпаған. Төртеуіне де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланды:

  • 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
  • 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
  • 35 жастағы қыздары Мейрамгүл Қарабалина;
  • 32 жастағы ұлдары Наурыз Мұқанғалиев.

Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталып, жедел тергеу тобы құрылды.

Атырау облысы ПД

6 қаңтарда ерлі-зайыпты сарайдың ішінен өлі табылды. 8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, марқұмдардың балаларын іздеу жұмыстары жалғасты. Кейін олар да өлі табылды.

Tengrinews.kz

Күдікті туралы

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамға, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге ерлі-зайыптының кіші қызына да халықаралық іздеу жарияланды. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.

Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелді. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысы Полиция департаменті жүргізді.

qamqor.gov.kz

24 ақпанда ҚР ІІМ Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні және марқұмдардың кіші қызын Индонезияда ұстағаны белгілі болды.  

Кейінірек ІІМ баспасөз қызметі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты Қылмыстық кодекстің мына баптары бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады:

  • 99-баптың 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары - "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру";
  • 188-баптың 2-бөлігі - "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық";
  • 190-бап - "Алаяқтық".

Сот отырысы

2026 жылы 18 мамырда атышулы іс бойынша сот отырысы басталды. Сот отырысы барысында прокурор Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқыды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!