Студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге қомақты қаржы бөлінбек

Студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге қомақты қаржы бөлінбек
Фото: elements.envato.com

2024 жылы студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге 6 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Сенаттың комитет отырысында "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы талқыланды.

Жиында Абзал Бейсенбекұлы 2024 жылы білім беру саласы дамытуға 1 триллион теңге қарастырылғанын айтты. Оның ішінде балабақша педагогтерінің еңбекақысын 30 пайызға көтеруге 96 миллиард теңге қарастырылған.

"Жатақханалардағы орын санын 6800 төсек-орынға, сондай-ақ, колледж студенттеріне стипендия мөлшерін ұлғайтуға 52,2 миллиард теңге, мектептердегі орын тапшылығын тапшылығын азайту мақсатында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасына 647 миллиард теңге көзделген. Жалпы еліміздің шетелдік жоғары білімнің қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін шетелдік жоғары оқу орындарының филлиалдарында оқуға жыл сайын 1700 студентті қабылдау көзделген. Сәйкесінше, қаражат та қаралған", - деді министрдің орынбасары.

Вице-министр келесі жылы 15 мың студентті жатақханамен қамтамасыз ету үшін бюджеттен қаржы қарастырылғанын жеткізді.

"Кадрларды даярлау бойынша биылға қарғанда, 2024 жылы 5 мыңға артық грант беру жоспарланған. 180 мың студент жоғары стипендия алады. 15 мыңға жуық студентті жатақханада орынмен қамтамасыз ету үшін 2024 жылы 6 миллиард теңге көзделеді", - деп түйіндеді сөзін Абзал Бейсенбекұлы.

Еске салайық, бұған дейін елімізде әлі 70 мың студентке орын жетпейтіні хабарланды. 

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz