Сіз спорт залға 1 айға абонемент сатып алдыңыз. Шартта "сатып алынған абонемент қайтарылмайды, ал пайдаланылмаса, ауыстырылмайды және өтелмейді" деп көрсетілген. Пайдаланылмаған билет үшін ақшаны қайтаруға бола ма? Заңгер жауабы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Право знать" Telegrаm-арнасының авторы Надежда Гельдттің мәліметінше, көп жағдайда сатушы шартқа келісім бұзылған жағдайда ұсынылмаған не қолданылмаған тауар (қызметтер, жұмыстар) үшін төленген ақшалай соманы қайтармау құқығын беру талабын қосып қойған, бұл тұтынушылардың құқықтарын бұзады және (немесе) оларға қысым жасайды. "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" ҚР Заңының 8-1-бабына сәйкес сатушы (Орындаушы, дайындаушы) тұтынушымен жасалған шартқа тұтынушының құқықтарын бұзатын және (немесе) оларға қысым жасайтын талаптарды енгізбеуге тиіс.
Яғни, пайдаланылмаған күндері үшін қаражатты қайтармау туралы шарт тұтынушылардың құқықтарын бұзады.
ҚР Азаматтық кодексінің 686-бабына сәйкес тапсырысшы атқарушының iс жүзiнде шеккен шығыстарын өтеген жағдайда өтелмелi қызмет көрсету шартын орындаудан бас тартуға құқылы. Яғни, сатып алушы барған абонемент күндері үшін ғана төлем жасайды.
Ақшаны қалай қайтаруға болады?
Заңнамаға сәйкес, құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған тұтынушы өз еркімен тауардың (жұмыстың, қызметтің) сапасының нашарлығынан құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуын жою және тұтынушыға осы бұзушылықтардан келтірілген залалды өтеу үшін сатыушыға шағыммен жүгінуге құқылы. Тұтынушының сатушыға шағымы қолма-қол беріледі немесе электрондық почтасының мекенжайы бойынша жіберіледі. Заңгер жазбада егер сатушы заңда көрсетілген талаптарды орындаудан бас тартса, тұтынушы белгілі мемлекеттік органдарға арыз жазуға құқылы екенін айтқан.
"Егер 10 күнтізбелік күн ішінде сатушы шағымға жазбаша жауап бермесе немесе бұзушылықтарды жоюдан және тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды (зиянды) өз еркімен өтеуден бас тартса, сондай-ақ тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарауға қатысудан бас тартса, тұтынушы олардың құқықтарын қорғайтын функцияларды жүзеге асыратын сот және мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы", - делінген жазбада.
Еске салайық, бұған дейін көпқабатты тұрғын үйдің балконында темекі шегетіндерге қандай жаза қарастырылғаны туралы жазған едік.
Тағы да оқи отырыңыздар: Ұшақта неге телефонды өшіріп қою керек?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз