Сот “Самұрық-Қазына“ мен ҚТЖ басшыларын қамауға алды

Сот "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) басшысы Елжас Отыншиевті қамауға алды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Tengrinews.kz сауалына берген жауабында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz.

"12 қарашада аталған тұлғалар жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалды. 14 қарашада тергеу сотының санкциясымен оларға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр", - делінген ҰҚК жауабында.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Тоқаев "Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ-дағы ұстау шараларынан кейін мәлімдеме жасады

13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесін өткізді. Жиын барысында Мемлекет басшысы "Самұрық-Қазына" мен "ҚТЖ" басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді. Тоқаев болған жағдайды мемлекеттік компаниялардағы ауқымды жемқорлықтың бар екенін көрсететін маңызды белгі деп атады. Сондай-ақ ол әртүрлі деңгейдегі басшылар арасындағы ықтимал жемқорлық туралы хабарламалардың жедел әрі мұқият тексерілетінін баса айтты.

Президент үкіметке және бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын азайту бойынша нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды.

Кейінірек Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Мемлекет басшысының тергеуден бастап хабардар болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Тоқаевтың жемқорлықпен күрес мәселесіндегі ұстанымы өзгермейді және қатаң болып қала береді.