- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сот Мәсімов пен...
Сот Мәсімов пен орынбасарларына қатысты үкімді өзгертті
ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен басқаларға қатысты үкім заңды күшіне енді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Астана қаласы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
16 маусымда Астана қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сатысы К.Мәсімов, А.Садықұлов, Д.Ерғожин, М.Осипов және олардың қорғаушыларының шағымдары бойынша "өте құпия" деген белгімен қылмыстық істі қайта қарады.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 24 сәуірдегі үкімімен К.Мәсімов пен А.Садықұлов Қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 және 16 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Д.Ерғожин Қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
М.Осиповке Қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
"Апелляциялық саты К.Мәсімовке, А. Садықұловқа және Д. Ерғожинге қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін қауіпсіздігі ең жоғары мекемеден қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтеу бойынша өзгертті", - делінген хабарламада.
Қылмыстық кодекстің 46-бабына заң шығарушы енгізген, 21 мамырда күшіне енген өзгерістерге сәйкес бұрын бас бостандығынан айырылмаған, қасақана қылмыс жасағаны үшін 2 жылдан аса мерзімге бас бостандығынан айырылмаған адамдарға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тағайындалады.
Қалған бөліктер бойынша үкім өзгеріссіз қалған. Сонымен қатар, ол заңды күшіне енді.
Еске салайық, бүгін сот Кәрім Мәсімовке қатысты үкім шығарды. Ол 18 жыл бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты.
Әнуар Садықұлов 16 жылға, Дәулет Ерғожин 15 жылға, Марат Осипов 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова