Кәрім Мәсімовтің экс-орынбасарлары қанша жылға сотталды?

Кәрім Мәсімовтің экс-орынбасарлары қанша жылға сотталды?
Фото: elements.envato.com

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әнуар Садықұлов Қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 16 жылға бас бостандығынан айырылды, өмір бойына мемлекеттік қызметте істей алмайды

Ал Дәулет Ерғожин Қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды, мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет ете алмайды.

Марат Осипов Қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен бірге Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Осипов генерал шені мен мемлекеттік наградаларынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, мұның алдында Кәрім Мәсімовке қатысты сот үкімі шыққанын хабарлаған едік. Ол 18 жылға сотталды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан