Солтүстік Қазақстан облысының жаңа әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшаларында тұрғындарға үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Құрметті солтүстікқазақстандықтар! Президенттің жарлығымен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындалдым. Маған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен сенім білдіріп отыр. Қолдау танытқан мәслихат депутаттарына алғыс айтамын. Мен бар тәжірибемді, білімім мен күш-жігерімді Президент жүктеген міндеттерді орындауға, облыс экономикасын дамытуға және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға жұмсайтын боламын. Сіздермен бірлесіп атқарған жұмыстың жемісті болатынына сенімдімін", - деп жазды ол.
Өңір басшысы қызметіне кіріскен күні Петропавл қаласы, аудандар әкімдері және басқарма басшыларымен жедел кеңес өткізген.
"Біздің алдымызда облысымыздың экономикасын одан әрі дамыту міндеті тұр. Жиын барысында басшыларға астық жинау науқанын уақытылы өткізіп, жылыту маусымына баса назар аударуды тапсырдым. Сондай-ақ өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларды аяқтау, бюджет қаражатын игеру және инвестиция тарту мәселелері де ерекше бақылауда", - деп жазды Ғауез Нұрмұхамбетов.
Еске салайық, кеше, 23 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ғауез Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз