Премьер-министр Әлихан Смайылов Павлодар облысының белсенділерімен кездесуде Екібастұздағы жағдайға кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазір жылыту маусымы жүріп жатыр. Өкінішке қарай, Екібастұздағы жылу желілері апатқа ұшырады. Бұл тұрғындардың бір бөлігін жылусыз қалдырды. Қызметкерлердің жұмысының арқасында жылумен жабдықтауды қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Қазір апаттың себептеріне тергеу жүргізіліп жатыр, оның нәтижесі бойынша кінәлілер жауапқа тартылады. Әкімдік бұл мәселені ерекше бақылауға алып, жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуі тиіс", - деді Әлихан Смайылов.
Еске салайық, 27 қарашада түнде, сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын. Сол уақыттан бері қалада тұрғындар жылу жоқ екенін айтып, шағымдана бастаған. Қалада төтенше жағдай жарияланған еді. Төтенше жағдай жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін күшінде болатыны айтылды. Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұздағы төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады.
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына төртінші күні барған еді. Ал 1 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі лауазымынан босатты. Сқақовтың орнына Олег Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!