- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- СІМ АҚШ Мемлекеттік...
СІМ АҚШ Мемлекеттік хатшысының Қазақстанға сапары туралы айтты
Ертең, 28 ақпанда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстанға алғаш рет келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Мемлекеттік хатшыны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайды және ол Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен келіссөздер жүргізеді.
Сол күні Астанада Энтони Блинкеннің қатысуымен Орталық Азия елдері мен АҚШ сыртқы саяси ведомстволары басшыларының "С5+1" форматындағы министрлік кездесуі өтеді. Бүгінгі таңда Орталық Азия елдерінің СІМ басшылары өздерінің қатысуын растады.
"С5+1" министрлік кездесуінде Орталық Азия елдерінің АҚШ-пен экономика, энергетика және қоршаған орта саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту, сонымен бірге терроризмге қарсы күрес мәселелерін талқылау жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда "С5+1" тетігі өзін Орталық Азияның көпжоспарлы дамуын қамтамасыз ету ісінде өңірлік ынтымақтастыққа ықпал ететін тиімді дипломатиялық платформа ретінде көрсетті", - деді Айбек Смадияров.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қазақстанға келетіні туралы хабарлаған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан