Шымкентте бес қабатты үйдегі пәтерлердің бірінде төрт жасар ұл бала мен 15 жастағы қыз көз жұмды. Тағы үш адам ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, бұл оқиға туралы 19 қазанда белгілі болған. Уәкілетті органдар балалардың өліміне қатысты мән-жайды анықтап жатыр. Алғашында оқиғаға газ кетуі себеп болуы мүмкін деген болжам қарастырылған. Алайда, басылым дерегінше, оқиға орнына келген мамандар пәтерден газ иісін анықтамаған.
"Мамандар пәтердегі газ мөлшерін тексерді. Улы газ анықталған жоқ. Оқиғаның нақты себебі сараптама нәтижелері шығып, тергеу аяқталғаннан кейін белгілі болады", - деді QazaqGaz Aimaq АҚ Шымкент қаласы филиалының басшысы Нұрбек Рахманов.
Ал Шымкен Полиция департаментінің Massaget.kz-ке берген жауабына сүйенсек, пәтерлердің біріндегі кәмелетке толмаған екі баланың қазасына байланысты тергеу (абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету белгілері бойынша) басталған.
"Алдын ала мәліметке сәйкес балалардың өліміне газдан улану себеп болған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін ШҚО-да өрттен әйел мен екі бала қаза тапқаны хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!