Шабуылға ұшыраған мотоцикл жүргізушісін полиция күзететін болды

Шабуылға ұшыраған мотоцикл жүргізушісін полиция күзететін болды
Фото: Видео кадры

Жамбыл облысының Меркі ауданындағы жанармай құю бекетінде болған оқиғаға қатысты Ішкі істер органдары қылмыстық істі тергеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ІІМ мәліметінше, күдікті ізін суытпай ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған.

"Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі бойынша (пышақпен жасалған бұзақылық) 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс Жамбыл облысы ПД тергеу басқармасының өндірісіне қабылданды, жедел тергеу тобы құрылды. Жедел тергеу тобының жұмысын үйлестіру үшін аймаққа ІІМ орталық аппаратының қызметкерлері жіберілді", - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, полиция жәбірленушінің адвокатының мәлімдемесіне жауап берді.

"Күдіктінің іс-әрекетін қайта саралау туралы мәселе тергеу әрекеттерінің нәтижесі және қадағалау органының келісімі бойынша қаралады. Сонымен қатар, адвокаттың өтініші бойынша жәбірленушіге полиция қызметкерлері қатарынан күзет қамтамасыз етілді. Тергеу барысы ҚР ішкі істер министрінің ерекше бақылауында", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында жанармай құю бекетінде мотоцикл жүргізушісі пышақталып қалғаны хабарланды.

Желіде оқиғаның видеосы пайда болды. Кадрларда мотоцикл жүргізушісі жанармай құю бағанына қарай келе жатқаны, оның артынан ер адам еріп келе жатқаны көрінеді. Бір кезде ер адам қалтасынан пышақ тәрізді нәрсе шығарып, мотоцикл жүргізушісіне бірнеше соққы жасайды.

Артынша бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді.

Сонымен қатар, Жамбыл облысындағы жанармай құю бекетінде пышақ жарақатын алған мотоцикл жүргізушісінің адвокаты мәлімдеме жасады. Зәкір Асадов күдіктінің туыстары оның қорғауындағы адамға қысым көрсетіп жатқанын айтты. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget