- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Сезон келе жатыр"....
"Сезон келе жатыр". Алматы мен Астанада пәтер жалдау қанша болып жатыр?
Оқу жылы жақындады, демек бұл Астана, Алматы секілді ірі қалаларға ағылатын студенттер қатары да көбейді дегенді білдіреді. Тамыздың ортасы мен аяғы - пәтер жалға беретіндер үшін маусымдық кезең. Бұл кезеңде пәтер бағасы шарықтап өсетіні айтпаса да түсінікті. Оның үстіне еліміздегі жатақханаларда студенттерге 70 мың орын жетпейді. Massaget.kz тілшісі ірі қалалардағы пәтер бағаларына, студенттер қайда орналаса алатынына шолу жасады.
- Қазір Алматыда пәтер жалдау құны қанша?
Министр Саясат Нұрбек бұған дейін Алматыда 30 мыңнан аса түлекке орын жетпесе, биыл оның 10 мыңының мәселесі шешілгенін айтқан еді. Алайда бұл да жақсы көрсеткіш емес.
©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
Үй іздеуге арналған танымал сайттардың біріне шолу жасап көрдік. Шілденің аяғында 1 бөлмелі, бірақ Түрксіб ауданындағы пәтер 160 мың теңге болса, Наурызбай ауданындағы мұндай пәтер 170 мың теңгеге, ал 2 бөлмелі Бостандық ауданындағы пәтер 300 мың теңгеге бағаланған еді. Дәл осы аудандағы екі бөлмелі пәтерлердің бірі 450 мың теңгеге де бағаланған болатын.
Медеу ауданындағы үш бөлмелі пәтер бағасы 700 мың теңгеге жеткен еді. Тіпті жақсы жөндеу жасалған 3 бөлмелі үйдің бағасы 1 миллион 50 теңгеге бағаланған. Ал Медеу ауданындағы 4 бөлмелі пәтерлердің бірінің бағасы 1 миллион 300 мың теңге болды. Демек пәтерлер бағасы 150 мыңнан бастап өсе беретіні байқалған болатын. Арасында 200, 250, 300, 350 мыңға да пәтерлер бар.
18 күн ішінде баға қалай өзгерді? Қазір де ең арзан деген 170 мың теңге көлеміндегі пәтерлер Наурызбай, Түрксіб аудандарында қалған. Алмалы, Бостандық аудандарындағы 1 бөлмелі пәтер құны 250 мың-280 теңге аралығында болса, ал Медеу, Әуезов аудандарындағы 2 бөлмелі пәтер 300-450 мың теңге көлемінде. Тіпті бір бөлмені 350 мың теңгеге бағалағандар да бар. Мұндай баға 2-3 студентке ауыр соғатынын ескерсек, кем дегенде 4-5 адамнан тұрады деп есептесек, әр студентке 50-60 мыңнан келеді. Алайда үй иелерінің бәрі дерлік көп адам тұруына келісе бермейді.
Krisha.kz сайтында 180 мыңға дейінгі көлемде 229 жарнама жарияланған. Бірақ барлығы дерлік қаланың шет аудандарында, ал жақын дегені ескі жатақханаларда орналасқан. Алайда амалы құрыған студенттер пәтер таппағанда кейде осындай жатақханалардағы бөлмелерді де алып жатады.
Алматыда бірнеше жылдан бері пәтер жалдап тұратын Жайна студент болмаса да бұл маусым басқа пәтер жалдап тұратындарға да әсер етіп жатқанын айтады.
"Бұрынғы пәтер иесі үйін сатуға шығаратынын айтты. Сондықтан тез арада пәтер іздеуге мәжбүр болдық. Маусымда Әуезов ауданынан бір бөлмелі пәтерді 200 мың теңгеге таптық. Алайда үй иесі маусым қызған кезде 250 мың теңгеге көтеретінін айтты. Бұрынғы үй иесі де басында 200 мың теңгеге келіскенімізбен кейін 250, ал одан кейін 300 мыңға көтеріп тастаған еді. Қайда апара жатыр бағаны? Түсінбеймін. Алда тағы сезон келе жатыр, тағы көтерілетін шығар", - дейді ол.
Бірнеше жылдан бері ірі қалаларда пәтер жалға беру қызметімен айналысатын риелтор, MAJOR TEAM жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Әлімжан Дауылбаев Алматыда пәтер жалға алу басқа қалаларға қарағанда қымбатқа түсетінін айтады.
"Астанаға қарағанда Алматыдан пәтер табу оңайырақ. Өйткені көпшілігі - ескі үйлер. Пәтер иелеріне кім тұрса да, ешқандай айырмашылық жоқ. Бірақ бағасына келгенде, Астанадан екі есе жоғары. Алматыда көп адам тұрады. Жыл сайын қаншама адам келіп жатыр. Сондықтан бағасы әлдеқайда жоғары әрі төмендемейді. Астанада 2 бөлмелі пәтерді 200 мың теңгеге табуға болса, Алматыда 400-450 мың теңгеге дейін барады. Кем дегенде 300 мың теңге болады", - дейді ол.
Алматыда Түрксіб, Наурызбай аудандарында пәтер жалдау құны арзанырақ. Алайда риелтор студенттер де бұл аудандардан пәтер ала бермейтінін, өйткені қалаға қатынау қашығырақ болғандықтан, тиімсіз екенін айтады. Ал қаланың ішіндегі баға көпшілікке оңай тимейтіні анық.
"Кейінгі 6-7 жылда Алматыда баға өспесе, түсіп жатқан жоқ. Баға жыл сайын өсіп келе жатыр. Алдыңғы жылы өзім де пәтер жалға алдым. Ол кезде 200 мыңға алсам, қазір 350 мың теңгеге өткізіп жатырмыз. Тамыз, қыркүйекте қатты өссе, қыста баға 100 мың теңгеге дейін түседі. Сондай-ақ, Алматыда жатақхана көп, сондықтан бірнеше адам бірігіп, сондай орындарды да жалға алып жатады", - дейді ол.
- Астанада пәтер жалдау құны қанша?
Студенттер жиналатын ірі қаланың бірі Астанада бағасы 180 мың теңгеге дейінгі 610 жарнама жарияланған.
©️ Tengrinews.kz
Оның ішінде 110, 130, 150, 160, 170 мың теңгеге бағаланғандар бар. Шаршы метрі мен бөлме санына қарай өзгере береді.
Риелтор Әлімжан Дауылбаев Астанада былтырға қарағанда пәтер бағасында айырмашылық бар екенін айтады. Оның сөзінше, былтыр 700 мың теңгеге жалданған үй биыл 400 мың теңгеге жалға берілген.
Былтырғы баға
Биылғы баға
Алайда риелтор бұл нарықта жиі өтетін 1-2 бөлмелі пәтерлерге қатысты емес екенін жеткізді. Өйткені жастар, жас отбасылар көбіне 1-2 бөлмелі пәтерлерді жалға алады.
"Пәтер жалдау бағасы былтырға қарағанда 25-30 пайызға төмендеді. Себебі өзге ұлт өкілдері азайды. Басым көпшілігі ресейліктер мен украиналықтар болғандықтан, былтыр баға күрт өскен еді. Бірақ 3-4 бөлмелі пәтерлердің бағасы 50 пайызға түскенімен, 1-2 бөлмелі пәтерлердің бағасы сол күйінде", - дейді ол.
Студенттерге келгенде жағдай қашан да күрделі. Әлімжан Дауылбаев та көп үй иесі әлі күнге студенттерге пәтерін жалға беруден қашқақтайтынын жеткізді.
"Қазір көпшілік үй иесі студенттерге өз пәтерлерін бергісі келмейді. Өйткені үй иелерінде жастар үйді тоздырып тастайды, көп тұрады деген түсінік қалыптасқан. Берген жағдайдың өзінде де 80 пайызы 100 пайыз көлемінде депозит алады. Алдыңғы жылға қарағанда 150, 100 мың теңгеге табу өте қиын. Тапқан жағдайдың өзінде оңтүстік шығыс бөліктен болады. Қазіргі баға 200 мың теңгеден басталады", - дейді риелтор.
Сонымен қатар, ол студенттер қолжетімді бағада пәтер таба алатын жерлерді атады: Жағалау ауданы, Жастар шағынауданы, 13-магистраль, Момышұлының бойы.
Басқа өңірден келетін студенттер қайда орналаса алады?
Пәтер жалдау бағасы бірнеше жыл бұрынғыдай төмен емес. Сондықтан студенттерге арналған ең тиімді нұсқаның бірі - пәтер жалдап тұратын адамның жанына бару.
Instagram мен Telegram-да пәтер жалдап тұратындарды іздеуге арналған топтар көп. Бірақ мұндай кезде алаяқтар да көп екенін де ұмытпау қажет. Сондықтан мұндай топтарды қарау кезінде оқырман, жарнама санына назар аударған дұрыс.
Одан бөлек krisha.kz сайтындағы бөлмелерді жалға алу бөлімінен іздеуге болады.
Студенттерге арналған тағы бір нұсқа - хостелдер. Бұған дейін министр Алматы қаласындағы 59 хостелмен келісімшартқа қол қойылғанын, 10 мың төсек-орынға кепілдік берілгенін айтқан еді. Соған орай бірнеше хостелге жазып, бағасын сұрап көрдік. Бірі бір ай тұру бағасы бір төсек орынға 90 мың теңге екенін, ал енді бірі бір төсек орынға 80 мың теңге екенін айтты. Хостелдерде баға адам санына байланысты өзгеретінін ұмытпау қажет.
Бұл мәселеге байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігіне ресми сауал жолдап, хостелдердің бағасы арнайы бекітіліп-бекітілмейтінін және қай хостелдермен келісімшартқа отырғандарын сұрадық.
Әрең тапқан пәтерді жалға алғанда неге мән беру керек?
Айта кетейік, бұған дейін алматылық риэлтор маман Ләззат Ибраева пәтер жалға алуға байланысты бірнеше кеңес берген еді.
1-кеңес. Құжатқа мән беру
Ол үшін үйдің иесін растайтын құжаттарды сұрауымыз керек. Ондай құжатқа жылжымайтын мүлікті сатып алғаны жөніндегі келісімшарт пен үйдің техникалық паспорты жатады. Үйдің иесін білуге осы құжат жеткілікті.
2-кеңес. Қарыз бен борыш
Үйдің сатылымда тұрған не тұрмағанына, коммуналды қарыздары бар-жоғына да көз жеткізген абзал.
3-кеңес. Келісімшартқа қол қою
Үйдің иесі кім екенін білген соң, сол азаматпен келісімшартқа отыру қажет. Пәтер иелерінің кейбірі келісімшарт жасағысы келмейді. Бірақ келісімшарт қос тараптың да құқығын қорғауға, келеңсіз жағдайы дұрыс реттеуге көмектесетін құрал.
4-кеңес. Депозит беруге мән беру
Маманның айтуынша, депозит беру - өте даулы мәселе. Біреуі беру керек десе, енді бірі қарсы.
"Депозит беру үрдісі Қазақстанда кейінгі 2-3 жылда пайда болды. Батыстан келген жаңалық. Депозит алу арқылы үй иесі мүлкін, үйдің жөндеуін сақтандырады. Бұл жағынан дұрыс. Депозит берілгені жайлы келісімшартқа да қосқан жөн. Бірақ менің ойымша, оның сомасы ақылға қонымды болуы тиіс. Кейбір пәтер иелері депозиттің құнын бір айлық жалға беру құнынан да артық сұрайды", - деген болатын риелтор.
5-кеңес. Ешкімге алдын ала ақша бермеу
Маманның айтуынша, риэлторға да, үйдің иесіне де алдын ала ақша беруге болмайды.
Қазір риэлторлардың көбі нәтиже болғанда ғана ақы алады. Бірақ бұлардың арасында тек жалға берумен ғана айналысатын, күмәнді агенттіктер бар.
"Олар әдетте үйді тауып берместен бұрын 15-20 мың теңге көлемінде ақы сұрайды. Ол дұрыс емес. Сондықтан мұндай күмәнді ұйымдардан бас тартқан жөн", - деген еді ол.
Еске салайық, бұған дейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы жатақханаларды тексеріп шыққаны, нәтижесінде тапшылықтың басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларында екені хабарланған болатын.
Сондай-ақ, ата-анасынан айырылған студенттер енді жатақханада тегін тұратыны айтылды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова