Түркиядағы келесі жойқын жер сілкінісі Дарданелл бұғазының жағасындағы Чанаккале қаласының маңында болуы мүмкін. Бұл туралы түрік сейсмологы Доған Перинчек РИА Новости-ге мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, шамамен 250 жылда бір рет бұл аймақта шамамен 7 балдық ірі жер сілкінісі болады. Кейінгі рет 287 жыл бұрын болған.
"Кез келген уақытта дүмпу басталуы мүмкін. Менің Мәрмәр теңізінде жүргізіп жатқан зерттеулерім бұл болжамды растайды", - деді маман.
Еске салайық, 2023 жылғы 6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болды. АҚШ Геологиялық қызметі мәліметінше, 7,8 балдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте тіркелген. Кейінгі деректер бойынша, оқиға салдарынан екі елде 7200 адам қаза тапты. Сондай-ақ, Түркияның әр жерінде тұрғын үйлер мен тарихи Газиантеп бекінісі қирады. Ал Италияда Түркиядағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі ескертілді.
Түркиядағы жер сілкінісі құрбандарының саны 16 170-ке жетті, зардап шеккендер саны 64 194 болды.
Зілзаладан кейін Түркия тұрғындары басылымға жер сілкінісі туралы айтып берді. Сонымен қатар, Желіде жер сілкінісінің суреттері жарияланды. Тіпті көпқабатты ғимарат қираған сәт видеоға түсіп қалған. Осы оқиғалардан соң Түркияда жеті күндік аза тұту жарияланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркиядағы апатқа қатысты шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Кейінірек Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстаннан құтқарушылар мен дәрігерлер баратынын мәлімдеді. Осылайша, қазақстандық ТЖМ құтқарушылары Түркияға аттанды. ТЖМ өкілдері Түркияда құтқару жұмыстары қалай жүргізілетінін айтты. 8 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы Түркия елшілігіне барып, көңіл айтты. Танымал әнші Димаш Құдайберген де концертінен түскен қаржының бір бөлігін Түркия мен Сирияға бөлетінін жеткізді. Ал журналист Нұрбек Бекбау Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 100 киіз үй жіберуді ұсынды. Лионель Месси Сирия мен Түркияға көмек ретінде ақша аударды.
Сондай-ақ, Түркияда зардап шеккен және қаза тапқандар тізімінде қазақстандықтар жоқ екені айтылды. Алайда СІМ мәліметінше, Түркияда 75 мың қазақстандық болуы мүмкін. Ал консулдық есепте Қазақстанның 968 азаматы тұр. Кейінірек Түркиядағы жер сілкінісі кезінде бірнеше қазақстандық жоғалып кеткені белгілі болды. Бұған дейін қазақстандық Сәбина Мамадиярова үйінді астынан аман-есен табылған еді. Оның қолы сынған, ауруханаға жеткізілді. Ал кеше, 9 ақпанда Қазақстан азаматы Әділ Қадырбековтің мәйіті табылды. Ведомство қазақстандықтың мәйітін елге жеткізуге көмектеседі
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!