Парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты Серік Әбдірахманов саясатқа қатысты естелігімен "Қасқа жол" бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, билікте жүрген кезінде талай рет Назарбаевтың намысын қорғап шыққан.
"1990 жылы алаңға жастар шыға бастады. Желтоқсандықтар келіп, қайта дүркірей бастады. Сол кезде алаңға шығып сөйлеп, оларға басу айтатын адам керек болды. Маған айтты, бірақ келіспедім. Заманбек Нұрқаділов орынбасарлығына шақырды, оны менсінбедім. Себебі жалақысы аз болды, ал құрылысшы болғанда 1000 сомнан көп жалақы алатынмын. Сосын Заманбек шақырып алып, "Серік, мынадай қайнап жатқан кезде келсең, Президент сұрап отыр" деген соң бардым. Сөйтіп, бәрін өз қолыма алдым. Алаңға Назарбаевтың намысын қорғап шығатынмын. Оларға "әй жігіттер, Назарбаев жаман десек, Колбинді қайта шақырамыз ба?" деймін, халық бірден басылады", - деді ол.
Сондай-ақ, ол саясаттағы мақсатының орындалмағанын атап өтті.
"Талай нәрсені Назарбаевтың бетіне айттым. Бірақ оған қарсы болған жоқпын. Жаманын жасырып, жақсысын асырдым. Кейбір ұры тірліктері үшін "сен ұрысың" деп айтқаным бар. Мені биліктен ысырып тастады, саясаткерлігімді күшпен тоқтатты. Халық берген мандатты алып тастады...Саясаттағы мақсатым орындалмады. Бірақ азамат ретінде ел таниды", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін экс-депутат Серік Әбдірахманов Қазақстанда шенді лауазымдар қаншаға сатылатынын айтқаны туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Босанғаннан кейін ішті қалай кетіруге болады?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!