Семей орманындағы өрт: қазіргі ахуал белгілі болды

"Семей орманы" мемлекеттік резерватында алапат өрт сөндіріліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сағат 07:00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге 769 адам, 191 жер үсті техникасы және 8 тікұшақ жұмылдырылған.

 

"Барлық жұмылдырылған қызметтің үйлесімді әрі жедел іс-қимылының арқасында ашық жанып жатқан өрт ошағы жойылды, қазір бықсыған ошақтарды сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр", - деді Экология министрлігі өкілі.

Ведомство мәліметінше, тікұшақтардан 219 рет су төгіліп, өрт ошағына 474 тонна су жеткізілген. Экология министрлігі жағдай тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысындағы "Семей орманы" резерватында орман өрті сөндіріліп жатқаны, бұл жұмысқа авиация тартылғаны хабарланды.

Резерват мәліметінше, өрт 16 шілдеде сағат 9:45-те Бородулиха филиалы Камышенка орман шаруашылығының 57-кварталында тіркелген.

Кейінірек полиция қызметкерлері өрт ошағына жақын орналасқан балалар лагерінен 190 бала мен 20 қызметкерді қауіпсіз жерге эвакуациялады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!