Семей орманындағы өрт: тілсіз жауды ауыздықтауға тікұшақтар тартылды

Семей орманындағы өрт: тілсіз жауды ауыздықтауға тікұшақтар тартылды
Фото: Видео кадры

Абай облысындағы "Семей орманы" резерватында орман өрті сөндіріліп жатыр, бұл жұмысқа авиация тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Резерват мәліметінше, өрт 16 шілдеде сағат 9:45-те Бородулиха филиалы Камышенка орман шаруашылығының 57-кварталында тіркелген.

"Өртті сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің жеті қызметкері, автоцистерна, шағын өрт сөндіру кешені, трактор, сондай-ақ, "Қазавиаорманқорғау" РМҚК-ның әуе кемесі жұмылдырылды", - деп жазылған Экология министрлігі хабарламасында.

Оқиға орнына қосымша күштер, соның ішінде екі автоцистерна, екі трактор, тағы бір өрт сөндіру кешені, ТЖД-ның 30 қызметкері мен сегіз техникасы, сондай-ақ, мемлекеттік орман күзетінің 11 қызметкері жіберілген.

Сонымен қатар, Бөкебай ауылынан авиациялық өртке қарсы қызмет десантшылары мінген, Bambi Bucket су төгу құрылғысымен жабдықталған AS350 тікұшағы ұшып шықты. Қатонқарағай ауылынан "Қазавиаорманқорғау" РМҚК-ның Ми-8 тікұшағы бағыт алды.

Еске салайық, 2023 жылы Абай облысындағы орман алқабындағы өрттен 14 орман шаруашылығы қызметкері қаза тапты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget