“Семей орманы“ аумағындағы өрт: екі министр шұғыл түрде Абай облысына жіберілді

“Семей орманы“ аумағындағы өрт: екі министр шұғыл түрде Абай облысына жіберілді
Фото: Видео кадры

Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша "Семей орманы" аумағындағы жұмыстарды үйлестіру үшін төтенше жағдайлар және экология министрлері Абай облысына жіберілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Премьер-министр Олжас Бектенов төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа "Семей орманы" аумағында орман өртін сөндіру жұмыстарын үйлестіру мақсатында Абай облысына шұғыл баруды тапсырды.

Жақын маңдағы елді мекендерді қорғау және өрттің одан әрі таралуының алдын алу шараларын күшейту тапсырылды.

16 шілде сағат 16:00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге 400-ден аса адам және 100-ге жуық техника жұмылдырылған. 100 тоннадан аса су себілген. Жедел штаб жұмысы премьер-министрдің жеке бақылауында.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысындағы "Семей орманы" резерватында орман өрті сөндіріліп жатқаны, бұл жұмысқа авиация тартылғаны хабарланды.

Резерват мәліметінше, өрт 16 шілдеде сағат 9:45-те Бородулиха филиалы Камышенка орман шаруашылығының 57-кварталында тіркелген.

Кейінірек полиция қызметкерлері өрт ошағына жақын орналасқан балалар лагерінен 190 бала мен 20 қызметкерді қауіпсіз жерге эвакуациялады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget