- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Сауап болды" деп...
"Сауап болды" деп күндеп жатыр". Мейрамбек Бесбаев Төреғали Төреәліге араша түсті
Желіде белгілі әнші Төреғали Төреәліден соққы жедім деген жігіт жанайқайын жеткізген еді. Оқиға Алматы облысындағы "Көлсай көлдері" ұлттық паркінде болған. Төреғали Төреәлінің өнердегі әріптестері оның бұл ісіне бола сөкпеуді сұрап, қолдап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мейрамбек Бесбаев
"Төреғалидің бүгінгі жағдайын ойласам:
Қолымда бір қамшым бар сәліңгірдей,
Атандым елге тентек кәдімгідей.
Бір тентек ел ішінде жүрмей ме екен,
Соңыма неге түстің бәрің бірдей? - деген Аманғали Серінің өлең жолдары еріксіз еске түсе береді. Төреғали інімнің басы дауға іліккелі әркім жағдайды сан саққа жүгіртіп жатыр. Көре алмайтындар "сауап болды" деп күндесе, жақсы білетіндер "жаңылғаны шығар" деп демеу болып жатыр. Бас жарылып, көз шыққан дәнеңе жоқ. "Ер шекіспей, бекіспейді" деген де бар бұл қазақта. Екі жігіт шекісіп қалып, енді қол алысып, құшақтасып жатса, достыққа қарай қадам басса, бұл бәріміздің ұтқанымыз емес пе! Шекіскен екі жақ бітімге келіпті, оған құқық қорғау органдары да қарсы болмас деп ойлаймын. Өз балаларыңды өзегінен тебем десеңіздер еріктеріңіз білсін. Төлеген Айбергеновтің "Қисықтығын өзгенің, түзу тұрып дәлелде" деген жолдарын еске алсақ, ең әуелі бәріміздің бойымызда бар өз мінімізден ұялар едік. Төреш өз мінезін игере алмапты, дұрыс емес. Бірақ кім бізге өз жақсысын әкеп береді дейсіз?! Жігітке тән шалт мінез, жасындай жарқ еткен эмоциямен екі азамат бірін-бірі ренжіткені рас, дегенмен арты жақсылықпен аяқталып отыр. Бұл да мәмілеге асығатын, жау болғанша бауыр болуға ұмтылатын өзіміздің қазақи болмысымыз емес пе! Енді біз де елдігімізге жараспайтын ұсақ-түйек өсекті тоқтатып, керісінше ел іші даудан, сырты жаудан аман болсын деп тілейік", - деп жазған Мейрамбек Бесбаев.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мөлдір Әуелбекова
Әріптесінің сүрінгенін айтып, жақтағандар қатарында Мөлдір Әуелбекова да бар.
"Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды. Әр адам өмір сүре келе, әртүрлі қателіктерге бой берері - заңдылық. Өнер адамының тез көзге түсуі танымалдылығында. "Әр қазақ жалғызым" демекші, бір-бірімізді сүрінгенде даттап емес - қолдап жіберсек, таптап емес - демеп жіберсек бірлігіміз жарасар. Қазаққа қазақтың жаны ашымаса ешкімнің жаны ашымайды. Кімнің басынан не өтпей жатыр? Ең әуелгісі мына қорқынышты заманда тыныштық болсыншы", - деп жазған ол Instagram-парақшасында.
Мақсат Рахмет
"Соққы жедім" деген жігіттің әрекетін түсінбегенін айтқан әнші Мақсат Рахмет те Төреғалиді қолдап, күліп отырар күн келетінін жеткізген.
"Бұл күнді де осылай күліп отырып, еске алармыз... Ер жігіттің басына не келіп, не кетпеген, досым?! Заң бәріне ортақ! Досым жазасын алар. Бірақ, ана арызданушы бауырымды түсінбедім... Пайды іздеді ме? Бәле іздеді ме? Хайп қуды ма? Айып қуды ма?" - деп жазды Мақсат Рахмет.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Нұрболат Абдуллин
Ал әнші Нұрболат Абдуллин бұл өнер адамдарына тән жағдай екенін жазған.
"Жолы да ауыр, тұзы да ауыр "әртіс" деген ұғым - біз боламыз. Негізінде, шын жанашырың - ата-анаң, өзіңнің отбасың, бір шешеден туғандарың. Біреудің қайғысын өсек қылма, сәтсіздігіне күлме. Ол сенің де басыңа, балаңа келмесіне кім кепіл?!" - деген ол.
Асылхан Төлепов
Актер Асылхан Төлепов те досын мойымауға шақырған.
"Бауырым, мойыма. Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді", - деп жазған ол Желіде.
Еске салайық, бұған дейін Төреғали Төреәліден соққы көрген жігіт әншіні кешірмейтінін мәлімдегені хабарланған болатын. Сондай-ақ, Төреғали Төреәлі жанжал неден шыққанын айтқан еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова